Биыл доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қалай өзгеруі мүмкін

Бөлісу:
Биыл доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қалай өзгеруі мүмкін
Фото: Арман Мухатов - архив

Дәл қазіргі кезде 1 АҚШ долларының құны 528 теңге болып тұр. Жыл ішінде теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін? Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев осы мәселеге қатысты өз ойын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сапарбай Жобаевтың сөзінше, АҚШ долларының нақты бағамына қатысты болжам жасау өте қиын шаруа. Себебі оған бірқатар маңызды факторлардың әсері бар.

Біздің Ұлттық банкте осыны есептейтін арнайы басқарма бар. Ағымдағы шот деген есеп болады. Мәселен келесі жылы біз қанша экспорттаймыз, қанша импорттаймыз, тасымалдауға қанша ақша кетеді, дивидендтер мен пайыздар қалай болады, шетелге шығатын, ол жақтан келетін ақша көлемі, инвестиция – осының бәрін есептеп Ұлттық банк үкімет екеуі шешім қабылдайды – дейді экономист.

Негізінен теңге бағамына тікелей әсер ететін бірден-бір фактор - мұнай бағасы. Мысалы сарапшылар есебіне сай, мұнайдың бір баррелі 75-80 доллар тұратын болса, онда 1 доллардың құны 550 теңге төңірегінде болуы мүмкін. Егерде мұнай бағасы 70 долларға дейін түсіп кетсе, онда теңге 560-қа барады. Мұның бәрін арнайы сарапшылар есептеп отырады екен.

Бұдан бөлек теңге құнына әсер ететін тағы бірнеше фактор бар. Солардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың әсері. Экономистің айтуынша біздің ел Ресеймен көрші болған соң ондағы процесстер бізге ықпал етпей қоймайды. Ресей өте үлкен нарыққа ие. Бірақ, қазіргі ондағы геосаяси жағдай бізге де салқынын тигізіп отыр. Қазір ондағы кәсіпорындар негізінен қорғаныс саласына жұмыс істеп жатыр. Ал біздің бейбіт өмірге арналған өнімдерімізге Ресейде сұраныс төмен. Сондықтан біз қазір басқа нарықтарды іздеуге мәжбүрміз, - дейді Жобаев. 

Үшінші фактор - доллар бағамының қандай да бір оқиғаларға байланысты өзгеруі. Мәселен Дональд Трамп президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін доллар күшейе бастаған. Себебі Трамп АҚШ-тың экономикасын көтеру, мықты мемлекет ету туралы бірқатар мәлімдемелер жасап үлгерді. Оның ішінде Қытай тауарларына салынатын кедендік төлемдерді бағасын көтеру жөнінде айта кетті. Трамптың бұл саясаты да АҚШ валютасына өз әсерін тигізіп жатқан көрінеді.

Бұл теңге бағамына әсер ететін негізгі факторлар ғана. Бұдан бөлек тағы көп нәрсе бар. Болжам жасау өте қиын. Менің білуімше, Ұлттық банктің есебі бойынша биыл АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 550-555 болады деген болжам бар – дейді экономист.

Теңге бағамы, елдегі несие жүйесінің жай-күйі мен қаржы саясатына қатысты Сапарбай Жобаевтың пайымымен толығырақ мына сұхбаттан таныса аласыз.

Өзгелердің жаңалығы