Биыл министрлік табиғи өрттерге жеделден қоюды толығымен қайта қарады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең алдымен, негізгі басымдық өрттің алдын алу мен өрт ошақтарын ерте анықтауға берілді. Тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізіп отыру үшін «Ертіс Орманы»,«Бурабай», «Семей Орманы», «Медеу»,сондай-ақ Қостанай облысы орманшаруашылықтарының, бейнебақылау жүйелері Министрліктің Дағдарысорталығына қосылған. Қосымша «Орман» және «Табиғат» жүйелері біріктірілген, – дейді ол үкімет отырысында.
Әріновтың айтуынша, найзағайдың белсенділігі мен термалды нүктелерге талдау жасалған. Осы жұмыстардың арқасында өрттің тұтануына ден қойылады.
Министрліктің бөлімшелері пилотсыз ұшу аппараттары арқылы өңірлерді әуеден шолып қарап, барлау жүргізеді. Екіншіден, біз Министрлік бөлімшелерінің табиғи өрттерге жедел ден қою шараларын күшейттік.
Күштер мен құралдардың топтамасы тұрақты дайындықта ұсталады, өңірлерде су ағызу құрылғылары бар 34 әуе борты қойылды, – деді министрлік басшысы.
Министрліктің күшімен 37 орман шаруашылығына күзет ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда олар 23 өртті жойып, 60-тан астам жедел шығуды жүзеге асырды.
Министрліктің бөлімшелері жоқ елді мекендерді қорғау мақсатында ерікті өртсөндіру құралымдары мен өрт сөндіру бекеттерін құру жұмыстары жалғасуда. Биыл 43 ерікті құрылым мен 26 бекет құрылды. Үшіншіден, мобильді топтар рейдтер жүргізуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда 11 мың рейд жүргізіліп, 3 мыңнан астам бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Әрінов.
Арнайы шаралардың арқасында 802 тұлғаның заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды.
Жалпы алғанда, оң динамика байқалады,нақтырақ айтсақ, орман өрттері 3 есеге, дала өрттері 2 есеге азайды. Министрлік бөлімшелері осы қарқынмен табиғи өрттерге жедел ден қоюды жалғастыратын болады, – деді ведомство басшысы.