Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Биыл да рекордтық деңгейде ауыл шаруашылығы өнімі жиналды

Бүгiн, 10:33
107
Бөлісу:
 Бауыржан ЖУАСБАЕВ  - архив
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі толық қамту және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері Серік Жұманғарин төрағалық еткен Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссиясы отырысында қаралды. Жиында аталған бағыттар елдің экономикалық қауіпсіздігінің негізгі факторларының бірі екені атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Рекордтық өнім – ішкі нарыққа сенімді тірек

Қазақстан екінші жыл қатарынан рекордтық деңгейде ауыл шаруашылығы өнімін жинап отыр.2025 жылы дәнді дақылдардың жалпы алымы 27,1 млн тоннадан асты.

 Майлы дақылдар өндірісі алғаш рет 4,8 млн тоннаға жетсе, картоп өнімі 2,9 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға артты,-деп атап өтті вице- министр отырыста.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов дәнді, бұршақты, майлы және көкөніс өнімдерін өндіру көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толық жауып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де қалыптастырып отырғанын айтты.

Бағаға қысым және мемлекеттік реттеу

2025 жылы негізгі азық-түлік бағасына әлемдік нарықтағы конъюнктура мен логистикалық шығындар елеулі әсер етті. Әсіресе, ет, сүт және май өнімдерінде баға өсімі байқалды. ФАО деректеріне сәйкес, қараша айында ет бағасының индексі 124,6, май мен май өнімдері 165%, сүт өнімдері 137,5% деңгейіне жеткен.

Биыл сиыр еті бағасының өсуі айқын көрінді. Бұл ішкі нарықтағы бағаны ұзақ уақыт ұстап тұру жағдайында сыртқы нарықтағы жоғары сұраныстың әсерімен байланысты.

Сонымен қатар, жыл ортасынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақтандырылды. Соңғы алты аптада ӘМАТ бағасының орташа индексі нөлдік деңгейде сақталуда. Бағаны ұстап тұру үшін тұз, жұмыртқа, картоп, күнбағыс майына шекті баға белгіленіп, тірі мал экспортына тыйым салынды, ал ІҚМ етіне экспорттық квоталар енгізілді.

Отандық өндірушіге қолдау

Ішкі нарықты отандық өніммен қанықтыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі сауда орындарында отандық тауарларға кемінде 30% сөре кеңістігін бөлу талабын кеңейтті. Бұл норма енді тек ірі сауда желілеріне ғана емес, ел бойынша шамамен 760 мың ішкі сауда субъектісіне қолданылады.

Мал шаруашылығына жаңа серпін

2026 жылдан бастап мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары іске асырылады. Құжат жеңілдетілген несие беру, асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру, шалғай жайылым инфрақұрылымын дамыту және кадр даярлау шараларын қамтиды.

Қыркүйек айынан бастап бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Салаға кемінде 200 млрд теңге кредиттік қаражат бөлу жоспарланып отыр, - деді Азат Сұлтанов.

Импортқа тәуелділікті азайту

2025 жылдың 11 айында импортқа тәуелді бірқатар азық-түлік өндірісінде өсім тіркелді. Атап айтқанда, ірімшік пен сүзбе өндірісі 48,5 мың тоннаға, қант 142,2 мың тоннаға, құс еті 337,1 мың тоннаға, шұжық өнімі 71,7 мың тоннаға, балық өнімі 65,2 мың тоннаға жетті.

Импорттан толық арылу үшін ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Құс шаруашылығында 2028 жылға дейін қуаттылығы жылына 241 мың тонна ет өндіретін 8 жоба жүзеге асады. Қант саласында 2026 жылы Жамбыл облысында Zhongkai Guoyuan (Anhui) зауытының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Алматы облысында «Qazaq Arab Sugar» жобасы бойынша келісім жасалды.

Экспорт әлеуеті артып келеді

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімінің экспорты да өсім көрсетуде. Өсімдік шаруашылығында экспорт көлемі 2,3 млрд-қа жетіп, 41,2% артты. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты 25,7% өсіп, 222,6 млн болды.

Экспорттың негізгі нарықтары қатарында Орталық Азия, Қытай, Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Еуропа елдері бар. Экспорттық саясат туралы сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова былай деді.

Мақсат - дәстүрлі нарықтағы позицияны сақтай отырып, жаңа бағыттар есебінен экспорт географиясын кеңейту, - деп атап өтті ол.

Экспортты қолдау Экспорттық-кредиттік агенттік пен QazTrade арқылы жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері АӨК экспорттаушыларына 119 млрд теңгеге жуық қолдау көрсетілді.

Тиімді жер пайдалану – басты талап

Отырысты қорытындылаған Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлердің қарсы міндеттемелерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдауды жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы