Биыл білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?

15 Наурыз 2021, 10:21
4656
Бөлісу:
Биыл білім саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов ведомствоның 2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2021 жылға қойылған міндеттері туралы баяндады.

Ведомство басшысы айтып өткендей, 2020 жылы білім беру саласында және оның барлың деңгейінде өзгерістер болды. Оның жетістіктері де, кемшіліктері де бар.

«Ұстаз мәртебесі» заңының аясында мұғалімдердің еңбек жағдайлары жақсартылуда. Педагогтерге тән емес функцияларды және көзделмеген есептерге тартудан босату шаралары қабылданды. Сондай-ақ, барлық облыс педагогтерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бастады. Биыл бұл жұмыс соңына дейін жалғасады, - деп айтты ол.

Президенттің тапсырмасы аясында 2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы 2 есеге артады. Оның барлығы мектептерді кадрлармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір мәселе бар. Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурс арқылы нақты біліктілік көрсеткіштеріне сәйкес жүргізіледі. Сонымен бірге ол электронды форматқа көшіріледі. 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алғаш рет тұру үшін үміткерлер кәсіби шеберлігіне қарай сертификаттаудан өтеді. Демек дипломмен бірге квалификация алу міндеті қойылады, - дейді министр алқа жиынында.
Одан бөлек, былтырдан бастап педагогикалық кадрларды дайындауды арттыру мақсатында ЖОО-ларға қабылдау талаптары күшейтілді.
Педмамандыққа мықты түлектерді ғана қабылдау үшін ҰБТ-ның шекті балы ұлғайтылды. Демек бұған дейін 50 балл болса, енді қазір 75 балға дейін көтерілді. Сонымен қоса түлектерді осы мамандыққа түсуін ынталандыру мақсатында шәкіртақы 42 мың теңгеге өсті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде педагогикалық мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері екі есеге ұлғайды. Сондай-ақ, осы мамандыққа түсушілердің орташа балы 90-ға дейін жетуде, - деп түсіндірді министр Аймағамбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы.

Министрдің сөзінше, бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз етеді.

Алқа отырысына әкімдердің орынбасарлары қатысып отыр. Әріптестеріме педагогтерді есеп талап ету және әр түрлі бөтен жұмысқа тарту мәселесін болдырмау керектігін тағы бір рет айтқым келеді. Бұл - біздің ортақ міндетіміз, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы