Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі министрден Астананың кейбір тұрғын үйлеріндегі су қысымының азаю себебін сұрады. Министр бұл мәселе су тапшылығына байланысты емес екенін айтты.
Қазір Астана қаласы ауыз суды Астана су қоймасынан алады. Біз оны биыл 100 пайыз толтырдық. Астана қаласының тұрғындарын толық мөлшерде ауыз сумен қамтамасыз етуге су қоры жинақталды. Суға тапшылық болмайды. Шілде айы басталды, біз оны көріп тұрған жоқпыз. Себебі судың көлемі жеткілікті, - деді министр.
Нұржан Нұржігітов Астана тұрғын үйлеріндегі су қысымының азаю себебі техникалық себептерде болуы мүмкін екенін жеткізді.
Шағын аудандарда болып жатқан су мәселелері техникалық ақауларға байланысты. Бір жерде насос жұмыс істемей қалады, бір жерде труба жарылып қалады. Бірақ тиісті мекемелер хабарлама түскенде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол уақытта 1-2 сағат сондай жағдай болып қалуы мүмкін, - деді ол.