Биыл Ақтөбе облысында қанша жас баспанамен қамтылады?

Бөлісу:
Биыл Ақтөбе облысында қанша жас баспанамен қамтылады?
Фото: pixabay.com/ru

Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 100-ге жуық жас баспанамен қамтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов айтып берді.

Оның айтуынша, биыл өңірде «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 1,0 миллиард теңге бөлінген. Оның 500 миллион теңгесі — жергілікті бюджеттен.

Биыл аталған бағдарлама аясында жыл соңына дейін 100-ге жуық жас отбасы баспаналы болады. Бұл жерде негізгі басымдық ауыл жастарына және баспанасыз жүрген жұмыссыз жастарға беріледі. Ал жұмыссыз жастарға келсек, қазіргі таңда өңірде 3350 жас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Ақтөбе облысында жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайыз болса, орташа республикалық көрсеткіш — 3,1 пайыз.

Биыл жыл басынан бері 13 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 5 мыңға жуық жас бос жұмыс орындарына орналастырылса, 500-ден астам жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, — дейді Мирхан Ермағанбетов.

Бүгінде Ақтөбе облысында 266 789 жас бар, бұл — облыс халқының үштен бір бөлігі.

Оның ішінде жұмыс істеуге жасы жеткендерінің саны — 186 512. Өкінішке қарай, облыстағы жастардың қаншасы баспанасыз екендігі туралы нақты дерек жоқ. Ал жалпы, Ақтөбе облысында 36 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Биыл облыста «Жасыл ел» жобасы аясында екі мыңға жуық жас уақытша жұмыспен қамтылды. Ал «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 2805 жас оқып, оның 100-і грантқа ие болды. Сондай-ақ «Zhas Project» жобасы аясында былтыр 14 жас, биылғы жылы 14 жас, барлығы — 28 адам бір миллион теңгеге дейін шағын грант жеңіп алды, — дейді басқарма басшысы Мирхан Ермағанбетов.

Өзгелердің жаңалығы