Алматыда соңғы 7 айдың ішінде балалардың қатысуымен 381 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 384 бала зардап шекті, бесеуі қаза тапқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек атап өтті.
1 сыныптың оқушыларына 1 қыркүйек күні жол жүру ережесі жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте, ата-аналарға айтарым, үй жағдайында балаларға жолда қалай жүруді, бағдаршамның жасыл түсі жанған сәтте жаяу жүргінші жолағымен жүгірмей, асықпай жүру керек екенін түсіндіру керек. Сондай-ақ балалармен жолдан өтерде абай болу керек. Жол жүру ережесін сақтап өткен абзал, өйткені бала ата-анасынан көргенін істейді. Ал көлік ішінде балалар болған жағдайда, жылдамдықты асырмай жүру керек. Алматыда соңғы 7 айдың ішінде 381 жол-көлік оқиғасы орын алды. Зардап шеккен балалардың саны 384 болса, қаза тапқаны 5-еу. Егер жол жүру ережелерін баланың бойына кішкентай кезден сіңірсек, бұл жағдайлар орын алмас еді, – дейді Салтанат Әзірбек.
Спикер алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералардың саны арта түсетіндігін тілге тиек етті.