Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары

11 Тамыз 2023, 15:26
929
Бөлісу:
Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары
Фото: автордан

Елімізде ЖОО-ға түскен студенттердің тізімі белгілі болды. Оқу жылының басталуына аз уақыт қалғанда, Алматы сынды алып шаһарда пәтер бағасы шарықтайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Тамыз айының бел ортасында баласына тұратын жер іздеген ата-ана көбейген. Қаланың Алмалы, Бостандық және Медеу сияқты аудандарында баға тіпті ұшып тұр. 

Сарапшы-мамандардың пікірінше, бұл мезгілде мегаполиске ат басын бұрғандардың арасында тек студенттер ғана емес, жұмыс істеуге келетін азаматтар да бар. Сондықтан пәтер жалдауға сұраныс жоғары. Пәтер иелері биыл құрылыс заттарының қымбаттағанын да алға тартып, бағаны көтеріп жіберген. Енді бұған жатақханалардағы орын тапшылығын қосыңыз. 

Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары

Жалпы, кез келген оқу орнында бірінші кезекте жатақханаға 1-курс студенттері орналастырылады. Сонымен қатар, олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы мен мәртебесін анықтайтын құжаттары қабылданады. Бәрі ашық түрде компьютердің көмегімен атқарылады.

Мысалы, бізде баспана мәселесін шешумен риэлтор компаниялармен қатар көптеген жеке адамдар да айналысады. Яғни, сертификатты алып алады да, әрі қарай өзінің жұмысын жүргізе береді. Осылардың барлығын қадағалау керек. Мамандардың болжамынша, пәтер бағасы желтоқсанға дейін арзандамайды. Өйткені қысқы туризм маусымында шетелден туристер ағылатындықтан, керісінше, тағы да қымбаттауы мүмкін. Тек жаңа жылдан кейін аздап түсуі тиіс. Бірақ ол уақытша құбылыс. Өйткені Алматыда пәтерге деген сұраныс 50-60 пайыздан асады. Ал жыл сайын олардың 5-7 пайызы ғана қамтамасыз етіледі. Осы ретте, Алматыға студенттерден бөлек жұмыс істеуге еліміздің әр өңірінен адамдар келетінін ескеру керек. Биыл бітірген студенттер де осы қалада қалады. Өз білімін жалғастырады немесе жұмысқа орналасады. Жыл сайын Алматыға келетін адамдардың саны артып, пәтер қолжетімсіз болып жатқаны жасырын емес. Меніңше, ЖОО-да жатаханалар санын көбейту қажет. Себебі кез келген студенттің ай сайын 150-200 мың теңге пәтерақы төлеуге қалтасы көтермейтіні жасырын емес, – дейді экономист Мақсат Серәлі. 

Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары

Айта кетейік, еліміздегі университеттердің 41-і Алматыда орналасқан. Бұл білім ошақтарында өзге өңірлерден келген 100 мыңнан астам студент білім алады. Сондықтан шаһар әкімдігі жатақхана құрылысына ерекше мән беріп отыр. Алматыда бір бөлмелі пәтердің бағасы 150 мың теңгеден басталып, екі бөлмелі пәтерлер 200-300 мыңға дейін беріледі. 20-30 мың теңге шәкіртақы алатын студенттер үшін мұның ауыр екені айтпаса да түсінікті.

Мен ақылы оқуда оқимын. Ата-анам оқуымның ақшасын құяды. Грант жеңіп ала алмағандықтан, жалдамалы пәтерде тұрып оқып жүрмін. Оқудан бөлек жұмыс істеймін. Кейде сабаққа үлгермай қалатын сәттер болады. Оқу кестесі біздің ыңғайымызға қарап жасалмайды. Арасында бос жүретін сәттер болады. Сол себептен кешке дейінгі сабаққа қатыса алмаймын. Мұғалімдерге жағдайымды түсіндіруге тырысамын. Себебі біз тұратын пәтердің өзі 300 мың теңге. Ол жерде бес қыз бірігіп тұрамыз. Кейде ішімнен «өзімнің үйім қашан болар екен?» деп ойланамын. Бұдан бөлек, қалада азық-түлік бағасы да тым қымбат. Жас болған соң қыдырып, киінуіміз де бар. Сол себептен ақшамыз күнделікті күнкөрістен аспайды. Биыл пәтер бағасы тұрақты болса екен деп тілейміз. Баға төмендемейтіні түсінікті, осы бағада сақталғанын қалаймыз, – дейді Тұрлығожа Дариға есімді студент. 

Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары

Осы ретте, өзінің үйінен бөлек, жалға беретін пәтері бар адамдарға қарап қызығатынымыз рас. Өйткені олар бос тұрған пәтерін біреулерге уақытша тұруға береді де, тиісті ақысын алады. Енді біреулер үйінің жанынан «пәтершілер» үшін арнайы бөлмелер салады. Құрылысқа кеткен шығынын өтегеннен кейін, алаңсыз табыс табуға болады. Бір қарағанда, шығынсыз кәсіп секілді көрінетіні жасырын емес. Сондай-ақ, маклер деген мамандар пәтерді клиентке көрсеткені үшін қызметіне 20-30 мың теңге сұрай бастаған. 

Өзім де жас кезімде жалдамалы пәтерде 20 жылдай тұрдым. Жұбайым екуміз ақшамызды үнемдеп, пәтер сатып алуға көштік. Кейде өзіміз қаланың шетінде тұрып, қаладағы пәтерді жалға берген кездер болды. Өзіміздің шағын бизнесіміз болды, содан түскен қаражатқа пәтер сатып алуды қолға алдым. «Пәтершілер» уақытша баспанаға әжептәуір ақша төлеп тұратын болғандықтан, барлық жағдайын жасап қоюға тырысамын. Пәтер жалдаушылардың ішінде ұяты бар, ұқыпты адамдар бар, бірақ көпшілігінің адамгершілігі аздау. Бұлай дейтінім, олардың арасында өтірік айтатындар көп болады, әрнәрсені сылтауратып, пәтерақыны төлемей созып жүріп алатындар бар. Онымен қоймай, пәтердегі техниканы, жиһазды бүлдіріп, қиратып кететіндерін қайтерсің?! Кішкентай балалары қабырғалардың бәрін сызып, тұсқағаздарды жыртып тастайды. Өз басым бір ай тұрғаннан кейін пәтер жалдаушылар көңілімнен шықпаса, бірден шығарып жіберуге тырысамын. Себебі олардан кейін тұратын адамдар пәтердің лас екенін айтып шағымданады, – дейді пәтер жалға беруші Зарина есімді тұрғын. 

Биыл Алматыда пәтер жалдауға сұраныс жоғары

Орташа есеппен Алматыда жалдамалы пәтер бағасы бір жыл ішінде 50 пайызға қымбаттады. Ай сайынғы орташа өсім – 7-14 пайыз көлемінде. Тамыз айының өзінде пәтерақы 15 пайызға көтеріліп, үйдің бір шаршы метрі 4 900 теңгеге жетті. Былтыр желтоқсан айында шаршы метрі орта есеппен 3 290 теңге болатын. Бүгінде бұл баға екі есеге өскен. 

Айта кетейік, пәтерін жалға берушілердің көбі үй жануарларын ұстайтындарға, бірнеше кішкентай баласы барларға, жаман әдеттерге әуес адамдарға, отбасында 5 адамнан көп отбасыларға, студенттерге пәтерлерін жалға бермейді. Мұндай қатаң талаптар ұқыпты, жауапты адамдарға да кесірін тигізіп жатады. Сондықтан қос тарап та пайда мен табыстан бұрын, ең алдымен, өз мойындарындағы жауапкершілікті түсінгендері жөн.

Өзгелердің жаңалығы