Бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолы жыл соңына дейін іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шыны керек, бұл ақжарма жаңалықты халықтың күтіп жүргеніне біраз уақыт болды. Оның көп бөлігі Жетісу өңіріне қарасты болғандықтан осы облысқа жауапты болып саналады. Осы ретте облыс орталығына арнайы іссапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындарға осылайша мәлімдеді.
«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолын заманауи бағытта тақтайдай тегіс ету үшін жол саласының мамандары күн-түні жұмыс істеп жатыр. Еліміздің Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын тасжолдың жалпы ұзындығы – 768 шақырымды құрайды. Осыған дейін жолдың сапасы сын көтермейтінін айтқан халықтың өтініші көп ұзамай орындалады. Оның үстіне туризм, экономикалық бағытта да бұл тас жолдың маңызы зор, - деді ведомства басшысы.
Бүгінде өңірге қарасты аумақта ескі жолды жөндеу, қайта жаңғырту және абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мамандар уақтында аяқтау үшін бас алмай еңбектенуде. Одан бөлек қаланың ішкі жолдары да қатар жөнделіп жатыр.
Алматыдан Зайсанға бағыт алған автобус бір күн жүреді. Орындыққа отырып барған соң, екі беліміз ауырып мазамыз кетеді. Оның үстіне баламен қатынаған тіпті қиын. Пойызбен, ұшақпен жүруге бәрінің шамасы жетпейді. Кейбір сол өңірдегі ауылдардан қатынаған ағайынға автобустан тиімдісі жоқ. Ал жол жеткізіп болмайды. Ол ол ма, қысты тіпті берекеміз кетеді. Жел ұйытқып соқса тас жолды бітеп тастайды. Діттеген жеріне жетіп үлгере алмай бәйек боласын. Тіпті жолға қонған күндерімізде болды. Енді жол ашылса кедергілерге тап болмаймыз деп ойлаймын, - дейді жолаушы Жанұзақ Тарғынұлы.