Биыл Абай ауданында қуаттылығы жылына 72 мың тонна өсімдік майы өндірісін іске қосу жоспарда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Qazaq Astyq Group» ЖШС тазартылған май өндіретін жаңа желіні іске қоспақ. Өндіріс қуаттылығы жылына 72 мың тонна дайын өнімді құрайды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге.
Бұл шешім компанияның өндірістік қуатын кеңейтуге және өсімдік майларына деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Сұраныс тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да өсіп келеді.
Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 1200 тонна күнбағыс, рапс немесе зығыр тұқымын өңдеп, 522 тонна өсімдік майын, 430 тоннадан астам шрот және 36 тонна түйіршіктелген қабық өндіреді.
Шикізаттың негізгі жеткізушілері – отандық және ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілері.
Зауыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығында сатылып қана қоймай, ТМД елдері мен басқа да мемлекеттерге экспортталады. Оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Үндістан, Италия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эстония және басқа елдер бар.