Биыл 4875 қазақстандық саяси жағдайы тұрақсыз елдерге барған

6 Желтоқсан 2019, 19:47
8542
Бөлісу:
Биыл 4875 қазақстандық саяси жағдайы тұрақсыз елдерге барған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі 2018 жылы 18 заңсыз миграция арнасының, ал 2019 жылы 34-інің жолын кескен. Бұл туралы ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов ҰҚК-ның Youtube арнасындағы "Сұхбат" бағдарламасында хабарлады.

Генерал-майор Дархан Ділмановтың сөзінше, ұйымдасқан қылмыстық топтар құрған бұл арналардың мақсаты – азаматтарды Қазақстанның және көрші елдердің шекарасынан заңсыз өткізу.
Қазақстанға немесе біз арқылы басқа елдерге заңсыз өтпек болған адамдар арасында терроризм мен экстримизмді қолдайтындар бар. Қазіргі таңда бұл өте өзекті мәселе болғандықтан, біздің тараптан көп жұмыс істеліп жатыр. Мысалы, биылдың өзінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, 51 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, - дейді Дархан Ділманов.
Сонымен қатар, шекарашылар еліміздің барлық өткізу пунктінде сауалнама жұмыстарын өткізеді. Шекара қызметінің басшысы біздің азаматтар бұл шараларға түсіністікпен қарауы керек екенін жеткізді.
Сауалнама, әсіресе Ауғанстан, Пәкістан, Ирак, Сирия сияқты саяси жағдайы тұрақсыз елдерге баратындар арасында жүргізіледі. Биылдың өзінде бұл мемлекеттерге 4875 азаматымыз барған. Олар аталған елдерге не үшін, қандай мақсатпен аттанғаны біз үшін маңызды, - дейді шекара басшысы.
Сұхбат барысында Дархан Ділманов Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен екі этникалық қазақ соттан кейін Қытайға қайтарылатыны туралы да айтты.
Қазіргі таңда олар ШҚО полиция департаментінде. Оларға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық процессуалдық іс-шаралар аяқталды. Менің ойымша, жақын арада, яғни желтоқсан айында "ҚР Мемлекеттік шекарасынан заңсыз кесіп өту" бабы бойынша сот өтеді. Ратификацияланған құжаттар мәртебесі бар келісімдер бойынша біз бұл азаматтарды келген еліне, яғни ҚХР-ға қайтаратын боламыз, - деді Дархан Ділманов.
Оның сөзінше, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен кез келген азамат байқаусыз қалмайды, себебі заңды бұзған адам ерте ме, кеш пе ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


Аян Қайырбаев
Өзгелердің жаңалығы