Биыл 46 елді мекенге газ тартылды – Энергетика министрі

28 Желтоқсан 2021, 13:35
1225
Бөлісу:
Биыл 46 елді мекенге газ тартылды – Энергетика министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан бойынша 46 елді мекенге газ тартылды. Соңғы 5 жылда елді газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды. 

Бұл туралы  Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев брифингте хабарлады.

Министрдің мәліметінше, биыл елді газдандыру үшін әкімдіктерге барлығы 51,3 млдр теңге қаржы бөлінген.

Соңғы 5 жылда, 2016-2020 жылдары газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды, бұл елді газдандыру деңгейін 8% арттыруға мүмкіндік берді. 2021 жылы Министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 146 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Аталған жобаларды іске асыру 3 жыл ішінде 154 елді мекенді немесе 330 мыңға жуық халықты газдандыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Оның айтуынша, биыл еліміздің газдандыру деңгейі 55%-ға жеткен. 

Биыл 1,8 мың км газ желілер салынды, бұл 46 елді мекен немесе қосымша 135 мың адам газға қол жеткізді.  Осылайша еліміздің газдандыру деңгейі 55% жетті. Бұл дегеніміз 10 388 мың адам табиғи газбен қамтылды. Газдандырудың жеделдетілген қарқыны 2030 жылға қарай 13,5 млн адамды немесе ел халқының 65% табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр газ тасымалдау жүйесін салу жөніндегі жобаларға тоқталып өтті.

Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 307 млрд теңге сомасына 3 жоба – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы барысында берілген тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылуы қамтамасыз етілетін негізгі газбен жабдықтау жобалары болып табылады. Бұл жобалар «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу, «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу және «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 1-ші желісін күрделі жөндеу болып табылады, - деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы