Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мәдениет және спорт министрлігінің Алқа мәжілісі өтті. "Астана Балетте" өткен іс-шара аясында министрлік 2019 жылды қорытындылап, 2020 жылғы жоспарымен бөлісті.
21 қаңтарда "Астана Опера" театрында Ұлы Абайдың мерейтойын ресми түрде ашу рәсімі өтті. Ал күні кеше, Алматы қаласында "Әлемнің екінші ұстазы" Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1 150 жылдық мерейтойын бастаудың рәсімі халықаралық деңгейде өтті. Қазақ ұлттық университетінде "Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық" ашылды. Бұл ретте биылғы жылы атап өтілетін маңызды іс-шаралар барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтіндігіне баса назар аударғым келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне зор мән беріп отырғанын білесіздер, - деді сөз басында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.Оның сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның, оның ішінде республикалық деңгейде 3 мыңға жуық, өңірлерде 31 мыңнан астам адамның жалақысы өсті.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғаяды. Негізінен жаттықтырушы-оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат-колледждері мен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі, - деді мәдениет министрі.Министр ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылғанын айтты.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш "Кинематография туралы" Заңның 2019 жылғы 3 қаңтарда қабылдануы тарихи оқиғаға айналды. Заңның негізгі маңызды жағы мемлекет тарапынан киножобаларды қаржыландырудың жаңа моделін енгізу және оларды одан әрі ілгерілету болды. Осы жұмыстың барлығын біріктіру үшін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды, ол киноөндіріске арналған қаражатты бөлу операторы ғана емес, сонымен қатар халықаралық нарықты қоса алғанда, киноның кең бұқаралық прокатқа шығу мәселелерімен айналысатын болады, - деді министр.
Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, министрлік жұмысының бағыттарының бірі – мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу.
2019 жылы музыкант-этнограф, композитор, Қазақ КСР Халық әртісі А. Затаевич 150 жылдығы, Қазақ халқының үш ұлының "Үш Арыс" 125 жылдығы-Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлин, Қазақстанның Халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжамал Нұрпейісовтің 95 жылдығы, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығы және т. б. Халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдар, шығармашылық кештер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, өткізілді, фильм шығарылып, шығармалар жинағы шығарылды, - деді ол.
Оның сөзінше, министрлік Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп спортшылардың допингке қарсы зертханасын аккредиттеуді қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда зертхана ауданы 1700 шаршы метр жаңа ғимаратқа көшіріліп, жоғары стандарттар мен ДДҚА (ВАДА) талаптарына сәйкес заманауи жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта Зертхана ДДҚА-ның (ВАДА) аккредиттеуді қалпына келтіруге жататын үміткерлердің құрамына кірді, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Министрдің сөзінше "Рухани Жаңғыру" бағдарламасы аясында өңірлердің тарихи-мәдени объектілерінің инфрақұрылымы күшейтілді.
Іс жүзінде еліміздің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында Визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. 2019 жылы Түркістан облысындағы "Отырар" және Алматы облысындағы "Таңбалы" визит-орталықтарының құрылысы аяқталды. Биылғы жылы "Ұлытау", "Гаухар ана" және "Сауран" музей-қорықтарының визит-орталықтарының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, 2021 жылдан бастап "Ордабасы" мен "Есікті" іске қосамыз, - деді мәдениет министрі.