Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алимент өндіру әлеуметтік маңызы бар істер санатына жататындықтан сот орындаушылар оларды жүзеге асыруды басымдыққа алады.
Жақында павлодарлық сот орындаушылар мен полицейлердің бірлескен жұмысының нәтижесінде борышкерлердің 5 автокөлігі табылып, айыппұл автотұрағына қойылды.
Жалпы облыста жыл басынан бері ЖСО прокуратура, полиция мен Әділет департаментінің жақсы үйлестірілген жұмысы барысында 19 борышкердің автокөлігі анықталып, арнайы автотұраққа қойылды, - деп хабарлады Сот орындаушылар палатасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 167 алимент борышкері ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік, 9 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жыл басынан бері 286 млн теңге алимент өндірілген.