Биылғы оқу жылында мәдениет саласы бойынша білім алуға ниетті талапкерлерге президенттік 25 стипендия бөлінуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес, ҚР Президентінің 2023 жылға арналған стипендиясын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында бөлу бекітілсін. Осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. Мәдениет және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаменті қосымшада көрсетілген бөлуге сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына 1 қаңтардан бастап тиісті қаржы жылына республикалық бюджетте қарастырылған қаражаттар шегінде төлеуді қамтамасыз етсін, - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Мәдениет және спорт минстрлігінің бұйрық-жобасында.
Қосымшада жазылғандай, биылғы оқу жылында мына оқу орындарына Президент стипендиясы бөлінеді:
1. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы – 4 бакалавриат;
2. Қазақ ұлттық өнер университеті – 12 бакалавриат, 1 – магистратура;
3. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – 4 бакалавриат;
4. Халықаралық туризм және меймандостық университеті – 4 бакалавриат;
Мәлім болғандай, бакалавриат бойынша білім алатындарға барлығы – 24, ал магистратураға 1 стипендия бөлінеді.
Құжат 11 тамызға дейін көпшілік талқылауда болады.