Биыл 163 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр

25 Ақпан 2021, 12:45
1396
Бөлісу:
Биыл 163 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өтіп жатқан онлайн брифингте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Мемлекет басшысының елдегі тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын холдинг қалай жүзеге асырып жатқаны туралы баяндап берді.

Оның сөзінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,3 млн шаршы метр немесе 140 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары.

«Бәйтерек» холдингінің құралдары рекордтық көлемге қол жеткізуде негізгі қолдау көрсетті. Ол үшін біз жергілікті атқарушы органдарды 281,2 млрд теңгеге қаржыландырдық. Әкімдіктер 28 мың пәтерді белгіленген бағамен немесе елде салынған тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20%-ын тапсырды, - деп айтты Әнуар Омарқожаев.

Отбасы банкі арқылы халыққа «Бақытты отбасы» және «5-10-20» әлеуметтік бағыттарын қоса алғанда, 145,7 млрд теңгеге 14,3 мың жеңілдікті несие берілді.

Осы жылы алдымызға айтарлықтай ауқымды міндет қойылып отыр. Бұл барлық қаржы көздері есебінен 17 млн шаршы метр немесе 163 мың тұрғын үй салу. Ол үшін осы салаға инвестициялар көлемін едәуір ұлғайту қажет, - деп түсіндірді «Бәйтерек» холдингінің өкілі.

Омарқожаев атап өткендей, мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі екенін ескере отырып, «Бәйтерек» холдингі ішкі және ресейлік нарықтардан қаржы ресурстарын тартуды жоспарлап отыр.

Әлеуетті инвесторлар ретінде коммерциялық банктер, сақтандыру және қаржы ұйымдары қарастырылып отыр. Биыл шамамен 300 млрд теңге тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезекте тұрған 31,3 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы