Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгілі болды

1 Наурыз 2024, 13:01
546
Бөлісу:
Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгілі болды
Фото: facebook.com/Куандык Бишимбаев

Сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күнін белгіледі. Ол 11 наурызда басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Сот кабинетінің” деректеріне сәйкес, алдын ала тыңдау дүйсенбі, яғни 11 наурызда өтеді.

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева қарайды.

Еске сала кетейік, Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр.

Олар:

- ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы – “Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру”;

- ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы – “Кінәліге материалдық жағынан тәуелді адамға жасалған жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы дене және психикалық зардап келтіру”.

Бұған дейін Бишімбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған едік.

Ал 11 қаңтарда әйелін өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды.

Еске салсақ, 2023 жылғы 9 қарашада Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде дене жарақаттарынан әйел адамның қаза болғаны хабарланды.

Кейіннен ол әйелдің ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтің әйелі екені анықталды. Бишімбаев әйелін мейрамханада соққыға жыққан көрінеді. Салдарынан Салтанат Нүкенова жедел жәрдем қызметі келіп жеткенше жан тәсілім еткен. Астана қалалық ПД мәліметінше, ҚР ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Өзгелердің жаңалығы