Экс-министр Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оны алғаш рет әлеуметтік желіден көрдім. Мен үшін астрология қызық болатын. Танысым Instagram-нан танымал астролог деп көрсетті. Әдемі қыз екенін көріп, Instаgram-ын шолып шықтым. Оның жігіті барын білдім. Мұның бәрі 2022 жылы мамырдың аяғында болған еді. Танысым жігіті бар екенін және үйленгелі жатқанын айтты. Мен біраз уақыт сырттай бақылаумен болдым. Әлеуметтік желіге жазған посттарын оқып жүрдім. Біраз уақыттан соң оның қабылдауына жазылғым келді. Бірақ көмекшісі оның онлайн және офлайн түрде де ер адамдарды қабылдамайтынын жеткізді. Тамыздың аяғында оның (еск-Салтанаттың) тұрмыстқа шықпайтынын естідім. Сол кезде танысуға мүмкіндік туды, - деді Бишімбаев.
Ол астрология туралы білу қызық болғанын айтады.
Күндердің күні Камила Салтанаттың қабылдауына барыпты. Олар достасып та үлгерген. Салтанат оған жігітімен айрылысқанын, той болмайтынын айтқан. Камила Салтанатқа "осындай жас жігіт бар, сені Instagram-да көрген, танысқысы келеді" деген. Камиламен телефонмен сөйлесіп жатқанда, "өзің сөйлесіп көргің келе ме, жанымда отыр" деді. Мен білмеймін дедім. Кейін танысып, амандастым. Салтанат "сіз келген кезде астрологиялық болжам өткізе аламын" деп жауап берді, - деді ол.
Бишімбаев екеуі ұзақ уақыт жолықпағанын айтты.
Салтанат ұзақ уақыт қабылдамады. Содан соң оған ашығын жаздым. "Шынын айтсам, болжам қызық емес, сіз маған қатты ұнап қалдыңыз, танысып көргім келеді, кешкі асқа шақырсам" дедім. Салтанат 1-2 күн жауап бермеген. Үшінші күні "егер қаласаңыз кездесе аламыз" деді. 6 қыркүйек болуы керек, біз кездестік, - деді экс-министр.
Осыған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін және Салтанаттың туыстары жайлы да айтты. Бишімбаевтан тағы жауап алынатыны туралы да бүгін белгілі болды.