Біржан Нұрымбетов: 42 500 теңгені заңсыз алғандар қайтарады

20 Сәуір 2020, 11:34
2034
Бөлісу:
Біржан Нұрымбетов: 42 500 теңгені заңсыз алғандар қайтарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді кімдердің заңсыз алғанын айтты.

Егер 42 500 теңгені жұмыс берушілері оларды мәжбүрлі ақысыз демалысқа жібермесе, тұрақты жұмысы, жалақысы жүріп тұрғандар алса, бұл заңбұзушылыққа әкеп соғады. Ол - дұрыс емес. Төлем мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. 42 500 теңгеден басқа мүмкіндігі шектеулі жандарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмысынан айырылған тұлғаларға, бір жасқа дейінгі бала күтіміне қатысты жасалатын төлемдер, декреттік демалыс алғандар, жүкті болуына (126 күн) және босанғаннан кейін берілетін төлемдер де осы Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. Сондықтан, бұл қаражатқа жауапты болған соң ұйым, әрине, бұйрығы жоқ, ақысыз демалысқа жіберілмегендерге сұрау жасайды да, кейін қайтаруды талап етеді. Тағы да қайталап айтамын, тек жалдамалы қызметкерлер, ақысыз демалысқа шықпағандарға сұрау бар. Олар заңсыз алған, – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.  

Министр 3 миллионға жуық адамның өтініші кері қайтарылғанын мәлімдеді.
Бірінші себеп – жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН/ИИН) дұрыс көрсетпеген. 12 санды жаңылыспай дұрыс көрсеткен жөн. Егер қате шықса, оны мұқият тексеріп қайта жіберу керек. 160 мыңдай адам осындай қате жіберген. Екінші себеп – банктің реквизиттері яғни, есепшотына қатысты қателік кетіп жатыр. Бұл жерде KZ деп басталатын 20 сандық нөмірді көрсету керек. Кейбіреулер 16 саннан тұратын картаның нөмірін көрсеткен екен. Ол  картаға сіздің есепшотыңызға түскен соманы банк аударып береді. Ал, есепшотқа төлемді біз аударамыз, есепшот нөмірі 20 саннан тұруы керек, - деді ол. 

Біржан Нұрымбетов сонымен қатар, тексерістің қалай жүргізілетінін де айтты.
Біз тексеріс жүргізгенде алдымен осы есепшоттың 20 саннан тұратынын тексереміз. Егер ол сан 19 болса, демек, қате жіберілген. KZ дегеннен кейінгі сандар бұл қай банктің есепшоты екенін көрсетеді. Егер жабылып қалған банктің есепшоты болып шықса да, біз өтінішті кері қайтарып жатырмыз. Тағы бір мәселе, егер барлығы дұрыс болса, біз бір жұмыс күн ішінде төлемді көрсетілген есепшотқа аударамыз. Бірақ, 800 мың адамның аударған есепшотынан банк бізге төлемді қайтарып берді. Себебі, ол есепшоттар сіздердің сол банктегі жабылып қалған есепшоттарыңыз болып шықты. Біз сіздерді мазаламай, банкпен келісіп, сол банктегі жұмыс істеп тұрған басқа есепшоттарыңызға төлемді қайта аудардық. Тағы бір мәселе, 70 мыңға жуық адамның банкте 20 сандық шоты болмай шықты. Бұл арада сіздерге басқа есепшот көрсетіңіз деген СМС жіберілетін болады, - деді министр.

Бұған дейін Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге алғаны үшін ешкім жазаға тартылмайтынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы