Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бірнеше ай госпитальда жатқан Сара Назарбаева қазір қайда?

Бөлісу:
 facebook.com/bobek.samopoznanie
Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтар тарапынан түскен көптеген сауалдарға байланысты ресми ақпарат ұсынылды.

Мәлім болғандай, Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Алматы қаласындағы Ұлттық госпиталінде ем қабылдаған. Сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан өткерген.

Дәрігерлер науқастың ұзақ уақытқа созылған қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, сондай-ақ жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтаған, - деп жазды Айдос Үкібай .

Сара Алпысқызы ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету аппаратына және жасанды бүйрек аппаратына қосылған күйде болған.

Биылғы жылдың қаңтар айында жағдайының тұрақтануына байланысты стационарлық емдеу кезеңі аяқталған. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Бұған дейін Сара Назарбаева Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен (бұрынғы атауы – Совминка) шыққанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы