Бірлік пен ынтымақтастығымызды сақтауға қызмет еткен отандастарыма алғысым шексіз - археолог

1 Наурыз 2022, 10:18
1889
Бөлісу:
Бірлік пен ынтымақтастығымызды сақтауға қызмет еткен отандастарыма алғысым шексіз - археолог

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 наурыз – алғыс айту күні! Мейірімділік және ізгілікті дәріптейтін мерекенің қазақ елі үшін үлкен мәні бар. Өйткені, жүзден аса ұлт өкілдері бейне бір алып бәйтеректің саясына мың түрлі құстар саялағандай, бейбіт өмір сүруі қазақ халқының көнеден бері келе жатқан дархан көңілі, дана қасиетінің арқасында. 

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы «Алғыс айту» күніне орай, археологиялық мәдени-мұраларды зерттеуде қомақты үлес қосып жүрген қалың жұртқа арнайы ризашылығын білдірді. Ол қазақ халқының көнеден бері келе жатқан көпшілдігін, дархан көңілін атап өтіп, мұны ұлтымызды дара да дана ететін қасиеттер деп санайды.

Қазақ археологиясының киелі шаңырағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының асыл мұраты – еліміздің рухани-мәдени құндылықтарын   сақтау, зерттеу және кейінгі  ұрпаққа насихаттау. Тарихтың қайнар көзі археологиялық мұраларды зерттеуде сан қилы жолдан абыроймен өтіп, археология саласын дамытуға атсалысып жүрген ғалымдарға ерекше алғысымды айтамын!,-деді ол.

Сондай-ақ, ол қаңтар оқиғасы кезінде біздің қуат-күшіміз мызғымас бірлікте екендігі айқын көрінгенін жеткізді.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өзіміздің бірлік пен ынтымақтастығымызды сақтауға қызмет еткен отандастарыма алғысым шексіз! Көк аспанда желбіреген көк туымыз ешқашан төмен түсірілмесін! − деді институт директоры.
 

Өзгелердің жаңалығы