Бірқатар лауазымды тұлғалар вакцина салдырды

10 Сәуір 2021, 14:14
2338
Бөлісу:
Бірқатар лауазымды тұлғалар вакцина салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев бүгін Қарағанды өндірісіндегі «Спутник V» вакцинасын салдырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Жалпы, мен вакцинацияны қолдаймын. Сондықтан жылына екі рет міндетті түрде маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырамын. Ал, коронавирустан қорғайтын вакцинаның жөні тіптен бөлек. Барлық қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырамын. Біз тек осылай ғана қалыпты, саламатты өмірге ораламыз. Ұжымдық иммунитетке ие боламыз, - деп жазды ол.

Вакцина салдырған тағы бір лауазымды тұлға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғани Қасымов. Ол екпе салдырғалы екі күн өтсе де, өзін жақсы сезініп отырғанын жеткізді.

Айтарлықтай температура болған жоқ, қант мөлшері де қалыпты деңгейде. Инъекция орны мен иығымда аздап қышу сезімі бар, тәбет қалыпты. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін, - деді ол.
Шығыс Қазақстан облысында 9,5 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның екінші партиясын алғаннан кейін өзінің көңіл-күйімен бөлісті.
Вакцинаны өз еркіммен алдым. Себебі, Қасиетте Құранда да адамның денсаулығы аманат екені жазылған. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Әзірге ешқандай қарсы көрсетілімдер байқалған жоқ, - деді ол.
Ал, экс денсаулық вице-министрі Людмила Бюрабекова «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алып үлгерген.
Өзімді жақсы сезінемін, ештеңе мазаламайды. Екі аптадан кейін антиденелер көрсеткішіне анализ тапсырамын. Барлығы ойдағыдай болады деп үміттенемін. Өзіңізді, жақындарыңызды қорғаңыз! Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, вакцина алыңыз,- дейді ол.

«Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлан Әбішев те вакцина алғандардың көш басындағылардың бірі. Ол екінші компонентті 1 мамырда алатынын жазған.

Өзгелердің жаңалығы