Бірінші сыныпқа дайындық: Баланы мектепке қалай бейімдейміз?
Бірінші сыныпқа дайындық: Баланы мектепке қалай бейімдейміз?
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың уайымы күшейе түседі. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-анасы үшін бұл кезең ерекше толқумен өтетіні анық. Баланың қолына кішкентай сөмке ұстатып, жаңа ортаға шығару – ата-ана үшін қуаныш қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. “Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, практик-психолог Әйгерім Даулет баланы мектепке қалай дайындау керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың уайымы күшейе түседі. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-анасы үшін бұл кезең ерекше толқумен өтетіні анық. Баланың қолына кішкентай сөмке ұстатып, жаңа ортаға шығару – ата-ана үшін қуаныш қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. “Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, практик-психолог Әйгерім Дәулет баланы мектепке қалай дайындау керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші сыныпқа қадам басқан бала үшін мектеп – жаңа орта, жаңа достар, жаңа ережелер. Бұл жерде ол тек оқуды ғана емес, өзін ұстауды, жауапкершілікті, өз ойын жеткізуді үйренеді. Психологтардың айтуынша, бейімделу кезеңінде балаға ата-ананың қолдауы ауадай қажет.
кейіпкердің жеке мұрағаты
Мектепке дайындық — тек әріптер мен сандарды үйрену емес. Ең бастысы – психологиялық және әлеуметтік бейімделу. Бала өзін-өзі күте алуы, басқа балалармен тіл табысуы және қиын жағдайда көмек сұрай білуі керек. Егер ата-ана тек оқу үлгеріміне мән беріп, осы дағдыларды елемесе, баланың бейімделу кезеңі күрделірек өтеді, – дейді психолог Әйгерім Дәулет.
Қандай дағдылар қажет?
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға ең алдымен қарапайым күнделікті тұрмыстық қабілеттерді меңгеру маңызды:
Өздігінен киімін кию, портфелін жинау.
Қол жуу, ас ішкенде мәдениетті отыру.
Қатарластарымен амандасу, көмек сұрау, кезекте тұру.
15–20 минут тыныш отыру және назарын ұстай алу.
Жеңілісті қабылдап, ренішті ашық айту.
Бұл дағдылар оқу процесін жеңілдетіп қана қоймай, баланың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі.
Ата-ананың қолдауы – басты шарт
Баланың мектепке бейімделуі ең алдымен ата-ананың көзқарасына байланысты. Егер үйде:
“Қиын болады”, “Мұғалімнен қорық” деген сияқты сөздер айтылса, балада үрей пайда болады.
Керісінше, “Сенің қолыңнан келеді”, “Біз сенімен біргеміз” деген сенімділік берілсе, мектеп бала үшін қуанышты ортаға айналады.
Мамандар ата-аналарға баланы мектепке дайындағанда “жақсы баға алу” емес, “жаңа тәжірибе алу” ұстанымын басшылыққа алуға кеңес береді.
Мектеп туралы қалай айту керек?
Психологтар ата-аналарға баламен сөйлескенде мынадай тәсілдерді қолдануға кеңес береді:
“Сен бәрін білуге тиіссің” демей, “Бәрін біртіндеп үйренесің” деп қолдау білдіру.
“Жылама, бұл ақымақтық” деудің орнына “Сенің ренжігеніңді түсініп тұрмын” деп эмоциясын мойындау.
“Мектеп қиын болады” емес, “Мектеп қызықты болады, жаңа достар табасың” деп айту.
Мұғаліммен қарым-қатынас та маңызды
Ата-ана мен мұғалім арасындағы сенім мен сыйластық баланың бейімделуіне тікелей әсер етеді.
Мұғалімге артық қысым жасамау.
Қиындықтар болса, оны жасырмай айту.
Баланың көзінше педагогті сынамау.
Қажет кезде мұғалімге сенім арту.
Бұл тәсіл мұғалімнің жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, балаға да “мектеп – сенімді орта” екенін көрсетеді.
Психолог кеңесі: бейімдеуді қалай жеңілдетуге болады?
Баланы мектепке алдын ала апарып, сынып пен дәліздерді көрсетіңіз.
Үйде “мектеп ойынын” ойнап, портфельді бірге жинаңыз.
Алғашқы күндері баланы қолдап, сабақтан соң асығыс сұрақ қоймай, әңгімесін жай ғана тыңдаңыз.
Баланың жетістігін бағалаңыз, кішкентай табыстары үшін мақтап отырыңыз.
Бірінші сынып – баланың ғана емес, бүкіл отбасының жаңа өмірге қадамы. Бұл кезеңді жеңіл әрі қуанышты ету – ата-ананың қолында.
Қарапайым қолдау, жылы сөз, сенім мен сүйіспеншілік – баланың мектепке бейімделуіндегі ең маңызды құрал.