Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Шымкенттегі сайлау науқанында азаматтық белсенділік танытып, алғашқы болып өз учаскелерінде дауыс берген бірінші сайлаушыларға ерекше тосынсый жасалды.
Жұмысын таңғы сағат 07:00-де бастаған мегаполистегі 312 сайлау учаскелерінің барлығында алғашқы келген сайлаушыға ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздері жазылған кітапты сыйға тартты. Сайлаушылардың бірі болып хакім Абайдың кітабын Бауыржан Дарбеков иеленді.
Сайлау науқаны кезінде ұлы ақынның кітабын сыйлыққа алудың өзі бір мәртебе екен. Қуанып қалдым. Осы ретте сайлауға келіп, дауысымызды беруіміздің өзі еліміздің дамуына үлес қосу деп білемін, – дейді Бауыржан Дарбеков.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласы бойынша 617 мыңнан астам тұрғын дауыс беру құқығына ие.