Бірімбай мен Севостьянова екінші айналымда сүрінді

29 Мамыр 2023, 18:38
734
Бөлісу:
Бірімбай мен Севостьянова екінші айналымда сүрінді
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бүгін Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуде таеквондодан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы бәсекеге 145 елден 950-ден астам таңдаулы спортшы жиналды. Олар алғашқы жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін екі салмақта сынға түсіп жатыр. Ұлттық құрама спортшылары – Эльдар Бірімбай (68 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) жарысты екінші айналымда аяқтады.

Мария бірінші айналымда чехиялық Хана Флегрованы сенімді ұтқан. Осыдан кейін тартысты жекпе-жекте тәжірибелі бразилиялық Мария Клара Лимаға жол берді. 17 жастағы отандасымыз Ұлттық құрама сапына биыл қосылды. Былтыр жастар арасындағы Азия және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Биыл рейтингтік турнир – Словения ашық чемпионатында топ жарған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысы.

Эльдар Бакудегі алғашқы жекпе-жегінде габондық Амар Мұсаны айқын басымдықпен жеңді (2:0). Алайда келесі кезеңде Париж Гран-приінің жеңімпазы, әлем рейтингінде 5-орында тұрған испаниялық Хавьер Перез Полоның мықты екенін мойындады.

Осымен екінші рет әлем чемпионатына қатысып тұрмын. Манчестерде (2019 жылғы – ред) ширек финалда ұтылғанмын. Осы жолы жүлде аламын деп келдім. Дайындығым жақсы болды. Тек жекпе-жектерде бар білгенімді көрсете алмадым. Бар қателік өзімнен кетті,-деп айтты жекпе-жектен кейін Эльдар Бірімбай.

Айта кетейік, Бакуде таеквондодан XXVI әлем чемпионаты бастау алды. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр.

Қазақстандық таеквондошылардың нәтижесіне шолу

Біздің даянг шеберлеріміз тәуелсіздік жылдары әлем чемпионатында барлығы 8 қола медальге қол жеткізген. Жүлдегерлер: Қайрат Сарымсақов (2019 бен 2017 жылы), Арман Шылманов (2009 жылы), Аслан Батықұлов, Арман Шылманов, Назгүл Тәжіғұлова (2007 жылы), Лия Нуркина (2003 жылы), Әділхан Сағындықов (1999 жылы).

Өзгелердің жаңалығы