Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік табысты дамып келеді. Қытай Халық үкіметінің Сыртқы байланыстар басқармасы бастығының орынбасары Сяо Евэнь Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастыққа жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас “Мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік” деп аталады. Сөзінше, бұл мемлекетаралық қатынастардың ең жоғары деңгейін білдіретін дипломатиялық ұғым.
Осындай сенімді және тығыз байланыстардың арқасында біздің елдер арасында мәдениет, экономика, логистика, сауда және басқа да көптеген салада ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Менің ойымша, Қазақстан – біздің ең ірі және маңызды әріптестеріміздің бірі, – деді Сяо Евэнь қазақстандық журналистермен кездесуінде.
Ол биыл сәуір айында Қазақстанда өткен Астана халықаралық форумына қатысқанын айтып өтті.
Бұл – менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым болды. Сапар уақыты ұзақ болмағанымен, менде ел туралы өте тамаша әрі терең әсер қалдырды. Қазақстан – ұлан-ғайыр жері, бай табиғи ресурстары және бірегей мәдени дәстүрі бар мемлекет. Осы сапар барысында мен Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынастың табысты дамып келе жатқанын өз көзіммен көрдім. Екі ел басшыларының тікелей жетекшілігінің арқасында әртүрлі бағыттардағы ынтымақтастық айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, – деді ол.

Шыңжаң өңірі “Бір белдеу, бір жол” бастамасының негізгі тірегі саналады және Қазақстанмен өзара іс-қимылды нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Әсіресе, Қазақстан – Шыңжаңның ең ірі сауда серіктесі.
Біздің елдеріміз арасындағы шекаралық сауда, “Бір белдеу, бір жол” жобалары және Қытай жүк пойыздары бағытындағы тығыз әріптестік өте нәтижелі жүзеге асып келеді. Сондықтан сыртқы байланыс саласында қызмет атқаратын маман ретінде мен бұл бағыттағы жауапкершілікті терең сезінемін. Біз Шыңжаң мен Қазақстан арасындағы көпжақты байланыстар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін барлық мүмкіндік пен жағдай жасауға дайынбыз, – деді Сяо Евэнь.
Шыңжаң мен Қазақстан, жалпы Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты бағыттарына тоқталған ол бұл салада елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.
Шыңжаңның географиялық орналасуы өте тиімді — бізде өңіраралық, мәдени, экономикалық және сауда байланыстарын дамытуға қолайлы жағдай бар. Қазіргі уақытта біздің автономиялық аудан негізінен Қазақстанмен сауда саласында тығыз әріптестік орнатқан. Біз шекара маңындағы өткізу бекеттерінің, әуе, құрлық және теміржол қатынасының артықшылықтарын барынша пайдаланып, “Бір белдеу, бір жол” аясындағы экономикалық және логистикалық байланыстарды кеңейтіп келеміз. Одан бөлек, тау-кен өндірісі, туризм, ауыл шаруашылығы сияқты көптеген бағыттарда ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар, – деді ол.
Сяо Евэнь атап өткендей, Шыңжаң Қытай аумағының алтыдан бір бөлігін алып жатыр. Өңір ауыл шаруашылығы, медицина, жаңа энергия көздері, пайдалы қазбалар және мұнай-газ салаларында айтарлықтай артықшылыққа ие.
Сондықтан біз Қазақстанмен өзара мүмкіндіктерімізді толықтырып, екі елге де тиімді, өзара пайдалы серіктестікті одан әрі дамытуға ниеттіміз, – деді ол.
Сондай-ақ ол маусым айында Қазақстанда табысты өткен Қытай – Орталық Азия екінші саммитінің маңыздылығына тоқталды.
Биыл маусым айында Қытай – Орталық Азия екінші саммиті Қазақстанда табысты өтті. Бұл жиынға ҚХР Төрағасы мен Қазақстан Президенті, сондай-ақ өзге де елдердің басшылары бірлесе қатысып, саммит сәтті ұйымдастырылды. Саммит барысында Қытай мен Орталық Азия елдері маңызды келісімдерге қол жеткізді. Тараптар Қытай–Орталық Азия рухын негізге ала отырып, бейбітшілік пен достыққа, өзара тиімді әріптестікке бағытталған ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты, – деді ол.
Сяо Евэньнің пікірінше, БАҚ өкілдері мен журналистер арасындағы байланыс пен тәжірибе алмасу Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара түсіністік пен достық қатынастарды нығайтуда ерекше маңызға ие.
Айта кетейік, қазақстандық бірқатар БАҚ өкілдері Қытайдың Қазақстандағы елшігінің ұйымдастыруымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына баспасөз-турына келді.