Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің сенаторлары 2022-2024 жылдар аралығында 50-ден аса депутаттық сауал дайындады және Үкімет атына жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алайда Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалдарға Үкімет тарапынан келген ресми жауаптар көңіл көншітпейді, деп санайды.
Сенатор депутаттық сауалдардың тақырыбы ауылды дамыту, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, өңірлердегі фермерлік шаруашылықтарды кеңейту, жайлы мектеп, бірыңғай ұлттық генетикалық банк құру, ауыл тұрғындарының қалаға көші-қон себептері, ауылдық жерлердегі жайылым проблемалары және т. б. туралы екенін атап өтті.
Іс жүзінде көптеген өршіл жобалар қағаз жүзінде ғана қалып, бірде-бір мемлекеттік бағдарлама межелеген индикаторларға қол жеткізілмеген жұмыстар туралы жазылады немесе «болады», «сұралуда», «жоспарлануда» деген стандартты жауаптармен аяқталады. Ең сорақысы, теріс нәтиже үшін ешкім жауапқа тартылмайды, өйткені іс жүзінде көп нәрсе ниет декларациясының деңгейінде қалады. Мұны немқұрайлылық немесе сол жауапты жолдаған мемлекеттік қызметкердің, министрліктің немесе мемлекеттік органның жауапты азаматының кәсіби деңгейін көрсетеді деп ойлаймын, - деді сенатор.
Депутат ауыл шаруашылығы мен агробизнес проблемасында кешенді шешім қабылдау үшін олардың өзара тәуелді дамуын көздейтін жалпы бағдарлама дайындап, қалыптасу мен дамудың барлық жақтарын қамту қажеттігін атап өтті.
Шикізат өндірісінің салаларының дамуымен қатар, өндіруші өнеркәсіптің өсуін ынталандыруға республиканың экономикалық саясаты мен даму стратегиясын жедел қайта бағыттау қажет. Сонымен қатар, экономиканы әртараптандыру жөнінде кәсіпкерліктің алатын орны жөнінде тағы бір мәселе – ауылшаруашылығы өндірісіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесін қайта қарастыру қажет. Шағын және орта бизнестің негізгі мәселесі - салықтан босату емес, Қазақстанда тиімді, әлеуетті сұраныстың жоқтығы. Сондықтан, агробизнес ортаны жақсарту мәселесіне үлкен көңіл аудару қажеттігі туындап отыр, - деді Жанболат Жөргенбаев.
Депутат Жанболат Жөргенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдай отырып, бұрын сенаторлар ұсынған ұсыныстарды тағы да еске салды және оларға назар аударуды өтінді.