Бірде-бір компания қаза тапқандардың отбасына көмек бермеді – Абзал Құспан

5 Қаңтар 2023, 13:19
1140
Бөлісу:
Бірде-бір компания қаза тапқандардың отбасына көмек бермеді – Абзал Құспан

Елімізде бірде-бір компания қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына көмек беруден бас тартқан. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында адвокат Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаңтар оқиғасында 238 адам мерт болса, оның 148-і, яғни жартысы Алматы қаласының тұрғындары. Осыған байланысты комиссия Алматы қалалық прокуратурасымен бірге қылмыстық істердің әділ тергелуі, қаза тапқан азаматтарға қатысты заңды процестік шешім қабылдануы, олардың отбасыларына материалдық-әлеуметтік, тіпті психологиялық көмек ұйымдастыру бағытында жұмыс атқарды, - деді адвокат.

Оның сөзінше,Алматы қаласында қаза тапқан азаматтардың туыстарына материалдық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері негізінен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар тарапынан ішінара шешімін тапты. 

Атап айтқанда, олардың кредиттері Қаржылық мониторинг агенттігінің араласуымен банктер тарапынан кешіріліп, балаларын балабақшаға орналастыру, мектепке дайындау, қажетті медициналық көмек ұйымдастыру, пәтерақыларын төлеу сияқты тұрмыстық мәселелер қамтылды. Өкінішке қарай, комиссия өз қызметінде кейбір «әттеген-ай» дегізетін жағдайлардың да куәсі болды. Мысалы, алаңда қаза тақан азаматтарымыздың артында қалған көптеген жас отбасы пәтерақы мен азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы салдарынан қиын материалдық жағдайға тап болды. Осыған байланысты комиссиядан материалдық көмек сұрап келушілер саны да аз болған жоқ. Сол себепті комиссия еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі компанияларына хат жолдап, онда комиссия арқылы немесе тікелей мұқтаж жандарға көмек беру туралы өтінішімізді білдірген болатынбыз. Өкініштісі сол, бірде-бір компания өз келісімін бермеді, - деп айтты Абзал Құспан.

Сөзінше, тіпті «Қазақстан халқын қолдау қоры» да Қаңтар оқиғасы бойынша тек мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтын ыңғай танытты. Яғни сөзінше, бұдан шығатын қорытынды, Президенттің «кәсіпкерлердің төмен әлеуметтік жауапкершілігі туралы» айтқан сынның қаншалықты орынды екенін байқауға болады.

Өзгелердің жаңалығы