«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығымен айналысам деген бірде-бір азамат, жерсіз қалмауы керек керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселе «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялар арасындағы пікірсайыс барысында көтерілді. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Ауыл» партиясы өкіліне партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген жер кодексін қайта қарау қазірдің өзінде қарастырылғанын айтып, бағдарлама уақытынан кеш қалмады деп сауал тастады.
Жер, ауыл шаруашылығы мәселесі күн тәртібінен түспейді ғой. 2021 жылы жер комитеті жұмыс жасады. Одан бері бір жарым жылдай уақыт өтті. Жер мәселесін шешіп қойдық деп айтуға болмайды, - деді Дайрабаев.
Ол жер мәселесін тәртіпке келтіру жалғыз «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қолынан келеді деп айту қиын екенін, бұл мәселе бойынша пікірсайысқа қатысқан жеті партия да жұмыс істеуі керегін атады.
Ауылдық жерлерде жайылым мәселесі ушығып тұр, жер жетпейді. Қарапайым су мәселесі тапшы. Кезінде қолында билігі бар азаматтар жерді иеленіп алды. Қазір Қазақстанда бұл ушығып тұрған мәселе. Ауыл шаруашылығымен айналысам деген бірде-бір азамат, жерсіз қалмауы керек. Мал бағам дейтін болса, егін егем дейтін болса, оларға мүмкіншілік жасау керек. Бұл мәселе күн тәртібінен алынбауы керек, - деді ол.