Бір үзім нанын бөліп берген қазақ жұртына алғысым шексіз

28 Ақпан 2020, 22:26
2081
Бөлісу:
Бір үзім нанын бөліп берген қазақ жұртына алғысым шексіз
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлты түрік Әмина Афлединқызы Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында тұрады. Қазақ тілінде сөйлегенде, қазақты жаңылдырады. Тіпті, қазақ тілінде жыр жазады.

Жырларынан отаншылдықтың, патриоттықтың иісі аңқып тұр. "Менің Қазақстаным", "Жамбылым – өлкем", "Қазақ тілін қадірле", "Асыл анам", "Отаным" тақырыптарындағы өлеңдерімен жастарды туған елін, жерін сүюге тәрбиелеп жүр.

Жасы 80-ге келсе де, қария сергек. Әлі кітап оқиды, қолынан қаламын тастаған емес. Бір әулеттің еркесі, алты баладан кейін туған үйдің кенжесі Әминаның түп тамыры – Грузияның Ахыска қаласы. Әкесі Афледин – шопан, анасы Шайназ сауыншы болған. Жеті баласының үшеуі сәби шағында шетінеп кеткен екен.

Жер дүниені сілкінткен соғыс жүріп жатқан уақытта бұл небәрі төрт жастағы ойын баласы еді. Әкесінің інілері Мұса мен Висаль да өзге қатарластарымен бірге ұрыс даласына аттанады. Мұса сол кеткеннен мол кетіп оралмайды.

Висаль ағам болса, соғыс аяқталған соң туған еліне келіпті. Алайда ауылының қираған қалдықтары ғана қалғанын көріп, есеңгіреп қалған көрінеді. Жұртта қалған бірлі-жарым ағайын отбасының 1944 жылы Қазақстанға жер аударылғандығын, сол жақтан іздеу керектігін айтыпты. Қазақтың кең даласын шарлап жүріп Висаль әрең дегенде бізді тапты, қуана қауыштық, - дейді Әмина әже бұл жөнінде тебірене еске алып.

Кейуана 1944 жылғы қандастарының басына бұлт үйірілген кезеңді де ұмытпаған. Алаңсыз жатқан ауылдың қас-қағым сәтте көз ілеспес жылдамдықпен апыр-топырын шағарып, күштеп зат секілді вагондарға тиеп, туған жерінен үдере көшірген. Ол ешнәрсенің байыбына бара бермейтін тұлымшағы желбіреген төрт жасар ғана қыз екен.

Қайда барамыз, ендігі күніміз не болады деген қорқынышты ойларға шырмалып келе жатқан ауылдастарымның көздеріндегі үрейді бала болсам да сезіп едім. Жолда келе жатып қатты сырқаттанып қалыппын. Жолсеріктер тексеруге келгенде анам көріп қоймасын деп мені көйлегінің етегіне жасырып қояды. Егер ауырып жатқанымды көрсе олар мені анамнан айырып, жолда кезіккен ауруханаға қалдырып кетер ме еді?! Десе де Қазақстан бізді жылы қарсы алды. Осындай меймандос, жүздері жылы, жүректері жомарт, ақкөңіл халықпен бір көргеннен етене жақын араласып кетеміз деп ойладық па?! Біз қоныстанған ауыл сол кездегі – Әулиеатадағы Свердлов ауданы, Амангелді колхозы болатын. Біздермен бір үзім нанын бөлісіп жеген қазақ жұртына алғысым шексіз, - деді әжей шын ықыласын білдіріп.

Бір өкініштісі, соғыста қаза тапқан Мұса ағасының отбасын Өзбекстанға жер аударыпты. Бірнеше жыл өткен соң олармен де қайта қауышып, көзайым болған көрінеді.

Қазіргі тұрып жатқан Ақбұлым ауылына 1954 жылы көшіп келген. Қазақ мектебін үздік аяқтаған Әмина Афлединқызы математик болуды армандайды. Алайда, ол мамандық бойынша Алматы немесе Шымкент қалаларының жоғарғы оқу орындарынан ғана білім алуға болады. Қыз баланы ешкімі жоқ қалаға жалғыз жібергісі келмеген әкесі бұл ойына қарсы шығыпты. Ағалары қарындасының көңілі үшін тәрбиеге қатаң әкені қанша көндіруге тырысса да оларынан түк шықпаған. Ақыры сол жылы оқуға түсе алмайды. Бозбала жігіт Индо Беридземен шаңырақ көтереді. Етегінен ұстаған өмірлік серігі "Ильич" совхозында бас есепші қызметін атқарады екен.

Жарым екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік, төрт қыздың ата-анасы атанадық. Қыздарымыз бойжетіп, өздері таңдаған кәсіптің тізгінін ұстады. Жолдасым 1995 жылы алпыс екі жасында өмірден озды. Құдайдың берген сегіз немересінен он шөбере сүйіп отырмын. Ұрпақтарыма ұлағатты өмір жолымнан сыр шертіп отырамын, - дейді ол.

Әмина әжейге тағдырдың тартқан сыйы – ақындығы. Егде тартып қалған кезінде, нақты айтсақ, алпыс жасында жүрегінен жыр тудырып, өлең жаза бастаған. Сөзінің арасында қазақ бола тұра ана тілінде сөйлемейтін қандастарымызды сынға алды.

Ол жайында жырларымда

Мен қазақ болмасам да, тілді жақсы білемін,

Тіл білмейтін қазақтарға үлгі болып жүремін, деп жаздым. Өз елінде, өз жерінде жүріп, тұрып, суын ішіп, ауасын жұтып, неге қазақ тілінде сөйлемейтіндеріне таңым бар, - деді қария.

Өзгелердің жаңалығы