Бір жылда 2500 нәресте мен 37 ана көз жұмған

Кеше, 21:10
308
Бөлісу:
Бір жылда 2500 нәресте мен 37 ана көз жұмған
Фото: Depositphotos.com

Атырауда мәжіліс депутаттары ана мен бала өлімін азайту шараларын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соңғы бір жылда Қазақстанда 2500 нәресте мен 37 ана көз жұмған. Бұл мәлімет Атырау облысында өткен мәжіліс депутаттарының мемлекеттік органдар мен сарапшылар өкілдерімен кездесуі барысында айтылды. Жиынды мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Қоғамдық палата бірлесіп ұйымдастырды. Отырысты комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов басқарды, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиұлының айтуынша, елде балалар өлімінің азайғаны байқалғанымен, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында нәресте өлімі көбейген.

Ана өлімі
• 2021 жылы – 200 ана
• 2022 жылы – 70 ана
• 2023 жылы – 45 ана
• 2024 жылы – 37 ана

Соңғы алты жылда Қазақстанның 10 өңірінде ана өлімі артқан. Оның ішінде көпбалалы аналардың өлімі алаңдатарлық деңгейге жетіп, 97 бала жетім қалған.

Депутаттың мәліметінше, қайтыс болған аналардың 38%-ы аймақтық перинаталдық орталықтарда, 24%-ы көпбейінді ауруханаларда ем қабылдаған.

Сондай-ақ депутат бірқатар мәселерді атады. Айтуынша, шалғай ауылдарда перинаталдық орталықтардың жетіспеуі, медициналық жабдықтардың тозуы, жасөспірімдер арасындағы жүктілік, кадрлардың жекеменшік клиникаларға кетуі секілді мәселелер бар.

Вице-министр Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда нәресте өлімі 7,05 промиллеге дейін төмендеген. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Ал ана өлімі 76,8-ден (1992 жылы) 10,1-ге (2024 жылы) дейін азайған.

Асхат Аймағамбетов акушер-гинекологтардың жалақысын еңбек ауырлығына қарай саралауды және ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін мақсатты білім гранттарын бөлуді ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар Үкіметке жолданатын болады.

Өзгелердің жаңалығы