Қытайдың Шанхай қаласында ерлі-зайыпты жаңа туған баласына есім қоя алмай, бір жылдан кейін ажырасуға мәжбүр болды. Даудың салдарынан сәби туу туралы куәліксіз және вакцинасыз қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Oddity Central басылымына сілтеме жасап.
Ер адам мен әйел 2023 жылы шаңырақ көтерген. Бір жылдан кейін олардың дені сау сәбиі дүниеге келген. Алайда содан кейін отбасында келіспеушіліктер басталған. Әрқайсысы нәрестеге өз ұсынған есімін қоюды қатаң талап еткен. Соның салдарынан балаға бір жылдан астам уақыт бойы туу туралы куәлік берілмей, вакцинация да жасалмаған. Яғни ата-анасының дауы ұлдарының туғанын ресми растауға кедергі келтірген. Ақыры ерлі-зайыпты бір-бірімен мүлдем келісе алмай, ажырасуға арыз берген.
Сот барысында ерлі-зайыптылардың екеуі де баласына жасырын түрде есім беріп, туу туралы куәлікті ауруханадан алуға тырысқаны анықталды. Алайда заң бойынша мұндай шешімді екі ата-ана да бірдей мақұлдауы тиіс. Сот куәліктің түпнұсқасы ажырасу процесі аяқталғанға дейін билік органдарында сақталатынын, кейін ол анасына берілетінін мәлімдеді. Осылайша, анасы баланы заң бойынша ресми тіркеуге ала алады.
Бұрынғы ерлі-зайыптыларға балаға есім беру мәселесіндегі жанжалы кәмелетке толмағанның құқықтарын бұзғаны айтылып, олар жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Судья оларға баланы отбасылық дауға пайдалануға қатаң тыйым салынатынын еске салды.
Бұл оқиға Қытайдағы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Көптеген қолданушылар мұндай адамдардың мүлде бала сүймеуі керек деген пікір білдірді.