Маңғыстау ауданы Қызан ауылының тұрғыны Шалғын Өтеғұловтың 60 жылдық мерейтойына ерекше тосынсый жасалды. 10 қызы әкесіне жаңа пәтер сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, мерейтойды ерекше өткізу үшін отбасы бір жыл бойы дайындық жүргізген.
Әрбір қыз өз қалтасынан қаржы жинап, ортақ мақсатқа қолдау көрсеткен. Ақтаудан пәтер іздеуге егізде Әмина мен Әлина белсенділік танытқан Бұл туралы үлкен қыз Жақсыгүл Шалғынқызы айтып берген
2021 жылы әкемізге LADA Niva сыйлағанымыз әлеуметтік желілерде кеңінен таралған болатын. Бірақ біз ешқашан атақ-даңқты көздеген жоқпыз, басты мақсатымыз – әкемізді қуанту еді. Біз қарапайым ауыл отбасынан шыққан он бір баламыз. Ата-анамыз шулы өмірді емес, тыныштықты қалайды, – дейді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Жаңа пәтер – он қыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қыздар анасын да ұмытпай, алтын білезік тарту еткен.