Бір үзім нан да бермейді. Қайрат Құдайбергеннің жаңа жазбасы не туралы?

5 Қыркүйек 2020, 17:03
2865
Бөлісу:
Бір үзім нан да бермейді. Қайрат Құдайбергеннің жаңа жазбасы не туралы?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген facebook-тегі парақшасында екі кезеңді салыстырып, жазба қалдырды.

1996 жыл. Тәуелсіз Қазақстан. Экономикалық жағдай туралы айтудың да керегі жоқ. Жасым 13-те. «Сайран» автовокзалы қасындағы «Сырдария» базарында мектептен кейін анама көмектесіп, кәмпит сатып жүрмін. Шыны керек, маған базар ұнайтын. Базарда бірге тұратын өзге сатушы тәтелер мені өз баласындай көріп, үнемі еркелететін. Кәріс ұлтты тетя Света мені салаттарымен тойдыратын, түрік Марина тәте Мичурин ауылында өскен алмасынан рюкзакты толтырып беретін, ал өзбек Мехрибан тәте тандырдан енді шыққан нанынан дәм татқызатын. Шіркін, базар өмірі десеңші, - дейді кәсіпкер.

Ол сол кезде өмір қиын болса да, бақытты болғанын айтты. 

Көршілер бір-біріне туысқандай жақын болатын. Әрдайым тойда қонақ, қиын қыстау заманда көмек болатын. Балаларды алаңнан үйге кіргізе алмайтын заман болған. Біреу мұқтаж болса, ел асар етіп көмек беретін заман еді. Ал қазір? Бір адам нан таба алмай азық-түлікті қарызға сұрап жүрсе, оның көршісі ысырапты той жасап, қонаққа шақырмақ түгілі, бір үзім нан да бермейді. Қазіргі заман баласын далаға шығара алмайсың, бастары гаджеттерде, Youtube-те. Миым тыныш болсын дейтін және соған жол беретін ата-аналар оңбайды. Қазір асар деп жария көмек берсең, пиар дейді, жақсы амалға адамдарды тартып, көмек берсең, мақтаншақтық дейді, жасырын садақа берсең, неге көбірек адамдарға көмек беру үшін басқаларға айтпайсың деп бетіңе басады. Абай бабамыз айтып кеткендей, өзге істің бәрі бос болмас үшін, қазақ қазаққа дос болуы керек! Бір-бірімізге тірек болуымыз керек. Әйтпесе жауға жем боламыз. Осыны ұмытпайық, құрметті ағайын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы