Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бір тамшыдан – бір тоннаға дейін: омарташының 5 жылдық жолы

27 Қыркүйек 2025, 02:34
849
Бөлісу:
 Жеке мұрағаттан
Фото: Жеке мұрағаттан

Табиғаттың тылсым сыйы саналатын бал – адамзат денсаулығына ең пайдалы азықтың бірі. «Ара бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Шын мәнінде, кішкентай ғана жәндіктің еңбегінде ғаламдық мән жатыр: олар өсімдіктерді тозаңдандырып, экожүйенің сақталуына ықпал етеді. Демек, араға қамқор болу – табиғатқа қамқорлық жасаумен тең. Соңғы жылдары елімізде бал өндіру ісіне қызығушылық артып келеді. Жастардың арасынан да бұл кәсіпті серік еткендер табылып жатыр. Солардың бірі – Жалағаш кентінің тұрғыны Азамат Нағашыбай. Ол 2020 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында алғашқы қадамын жасап, бүгінде аймаққа белгілі кәсіпкерге айналды. Оның омартасынан алынатын табиғи бал тек Қызылорда облысында ғана емес, өзге өңірлерде де сұранысқа ие. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі азамат мырзамен бал арасын баптау сыры, кәсіптің қиындығы мен қызығы, табиғатқа деген жауапкершілік жайлы әңгімелескен еді.

– Азамат мырза, әңгімемізді бастамас бұрын айтыңызшы, сізді бал өндіру ісіне алып келген себеп қандай?

– Шындығында, ауылда туып-өстік, табиғатпен етене араласып өстік. Сол кездің өзінде үлкендерден бал арасының егінге тигізер пайдасы туралы жиі естіп жүретінмін. Ара өсімдікті тозаңдандырады, ал ол өз кезегінде өнімді арттырады деген түсінік бала санама ерте сіңді. Бірақ ол кезде бұл істі кәсібіме айналдырамын деп ойлаған жоқпын.

Кәсіпкерлікке бет бұруым кейінірек болды. 2020 жылы мемлекеттік грантқа қатысып, қайтарымсыз қолдау иелендім. Сол қаражатты ең алдымен қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, алғашқы 35 ұяны орналастыруға жұмсадым. Басында бұл іс мен үшін бір хобби, қызығушылық секілді көрінген. Бірақ уақыт өте келе араның еңбекқорлығына тәнті болып, олардың табиғатпен үйлесімді тіршілігінен үлкен сабақ алдым. Осылайша шағын бастама үлкен кәсіпке айналып, бүгінде тұрақты өндіріс көзіне, менің негізгі кәсібіме айналды.

– Жаңа іс бастау әрқашан қиын ғой. Ең алғашқы кезде қандай кедергілер болды?

– Рас, бастаманың басы ауырлау келді. Әрбір кәсіптің өзіндік қиындығы бар, ал омарташылық ерекше ыждағаттылықты талап етеді. Араға күтім жасау оңай емес: әр маусымда омартаны жаңа жерге көшіру, табиғи жағдайға бейімдеу, ауа райының құбылуына төтеп беру, түрлі аурулардан қорғау қажет. Бір ұсақ-түйекке мән бермесең, бір жыл бойғы еңбегің еш кетуі мүмкін.

Бірақ уақыт өте қателіктер азая бастады. Араның тіршілігін жіті бақылап, әр маусымға алдын ала дайындық жасауға дағдыландым. Бірте-бірте тәжірибе жиналып, алғашқыда еңсерілмейтіндей көрінген қиындықтар кәдімгі жұмыс тәртібіне айналды. Қазір сол алғашқы қиындықтарды артқа тастағаныма қуанамын, өйткені әр кедергі мені шыңдап, бүгінгі деңгейге жеткізді.

– Омарташылықтың ең күрделі тұсы қайсы деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, бұл кәсіп ерекше шыдамдылықты талап етеді. Көпшілік ойлағандай, балды өндіруші біз емес, араның өзі. Біз тек олардың табиғи тіршілігіне жағдай жасаймыз. Араға жайлы орта болмаса, олар еңбегін тоқтатады. Сондықтан омарташының басты міндеті – еңбекқор жәндіктерге сенімді қамқоршы болу.

Ауа райының құбылмалығы да бұл кәсіпте үлкен сынақ. Бір жыл мол өнім берсе, келесі жылы қуаңшылық немесе жауын-шашынның көптігі салдарынан өнім аз болуы мүмкін. Бұл жерде табиғатқа қарсы келу мүмкін емес, тек бейімделіп, дұрыс жоспарлау қажет.

Сондықтан бұл кәсіп – тек табыс көзі емес, үлкен жауапкершілік. Әр маусым сайын табиғатпен санасып, араның жағдайын ойлап, ауа райын бақылап, әр қадамыңды өлшеп басуың керек. Төзімсіз, шыдамсыз адамға омарташылық оңай кәсіп болып көрінгенімен, іс жүзінде ол ең күрделі шаруалардың бірі.

Бір тамшыдан – бір тоннаға дейін: омарташының 5 жылдық жолы

– Омарташылық бір қарағанда ауыр еңбек секілді. Дегенмен бұл істің өзіне тән қызықты, шабыт сыйлайтын сәттері де бар шығар. Сіз үшін сол сәттердің ең есте қалғаны қайсы?

– Ең қызығы – жазғы маусым. Дала гүлге оранып, ауа бал иісіне толатын шақ. Бал аралары үздіксіз ұшып, бірде жөке, бірде жусанға қонып, шырын әкеліп жатады. Ұяның жанында тұрсаңыз, мыңдаған қанаттың сыңғыры бір әуен сияқты құлаққа жағымды естіледі. Бұл дыбыс маған өмірдің тоқтаусыз қозғалысын, еңбектің шексіз құндылығын еске салады.

Ара еңбегінің нәтижесін қолыңа алғаш ұстаған сәт тіптен бөлек. Алтын түстес, мөлдір бал тамшысы ыдысқа аққанда бойыңды қуаныш кернейді. Себебі ол – табанақы, маңдай теріңнің, түн ұйқыңды қиып, ыстық күннің астында төккен еңбегіңнің жемісі. Әрбір тамшыда табиғаттың күші, араның тынымсыз тірлігі мен омарташылықтың ыждағатты еңбегі тоғысқандай. Осы сәт мен үшін жұмыстың ең үлкен сыйы, әрі алдағы маусымдарға күш беретін шабыт көзі.

– Сапалы бал алу үшін қандай талаптарды сақтайсыз?

– Ең бастысы – араны таза жерде ұстау. Себебі ара қайда ұшса, соның тынысын, иісін, дәмін бірге алып келеді. Егер ол егістікте химиялық тыңайтқыш шашылған жерден шырын әкелсе, балдың табиғилығына күмән туады. Сондықтан біз омартаны қашанда таза, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз аймаққа орналастырамыз.

Ұяның ішін уақытылы тексеріп отыру да маңызды. Араның жағдайын бақылап, аурудың алдын алу үшін кейде дәрі-дәрмек беру қажет болады. Дегенмен біз химиялық қоспалардан барынша бас тартып, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі тәсілдерді қолдануға тырысамыз. Бұл – ең алдымен өнімнің табиғилығын сақтап қалудың кепілі.

Айта кетерлігі, әр маусымда алынатын балдың түсі мен дәмі бірдей болмайды. Өйткені ара қандай гүлден шырын жинаса, бал соның қасиетін қабылдайды. Мәселен, жөке гүлдеген кезде жиналған балдың иісі аңқыған, дәмі жұмсақ болады. Жусаннан алынған бал сәл ащылау, бірақ ерекше шипалы келеді. Ал мақсарыдан жиналған бал қою әрі қанық түсті болады. Демек, әр құмыра балдың артында табиғаттың өз қолтаңбасы бар.

– Қазіргі таңда өндіріп отырған бал көлемі қандай деңгейде? Алғашқы жылдармен салыстырғанда қаншалықты өсті, сұраныс көлемі қалай?

– Бүгінде жылына шамамен 1 тоннаға жуық бал өндіреміз. Бұл көрсеткіш алғашқы жылдармен салыстырғанда екі есеге артты. 2020 жылы бар болғаны 35 ұямен бастасақ, қазір олардың саны мен өнімділігі айтарлықтай өсті. Демек, тәжірибе де, нәтиже де уақыт өте бірге толығып келеді.

Өнімдерімізге облыс ішінде тұрақты сатып алушылар қалыптасты. Әр отбасының дастарқанында біздің балдың дәмі бар десем, артық емес. Сонымен қатар көрші өңірлерден де жиі тапсырыс түседі. Әлеуметтік желі арқылы да клиенттер көбейіп жатыр.

Біз үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысу – үлкен мүмкіндік. Өйткені мұнда халықпен бетпе-бет жүздесіп, олардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын естиміз. Әр сатып алушының ризашылықпен айтқан жылы сөзі – еңбегіміздің бағасы. Бір жағынан, бұл сенім бізді алға жетелейді. Сондықтан өндіріс көлемін арттырумен қатар, сапаны да үнемі бірінші орынға қоямыз.

Бір тамшыдан – бір тоннаға дейін: омарташының 5 жылдық жолы

– Балдың нарықтағы орны жайлы не айтар едіңіз?

– Қазақстанда табиғи балға әрқашан сұраныс бар. Себебі ол – ас емес, ең алдымен денсаулықтың кепілі. Қазақ дастарқанында бал ежелден бері қадірлі тағам саналады. Қыста суық тигенде, жазда әл-қуатты арттыруда, жалпы күнделікті ас мәзірінде балдың орны ерекше. Сондықтан халықтың табиғи өнімге деген ықыласы ешқашан төмендеген емес.

Алайда нарықта жасанды, сапасыз бал да кездесіп жатады. Мұндай өнім тұтынушының сеніміне сызат түсіріп, жалпы саланың абыройына көлеңке түсіреді. Кейбірі қант шәрбатын балға ұқсатып сатады. Бұл, әрине, адал еңбекпен ара бағып отырған омарташыларға қиындық тудырады.

Сол себепті нағыз ара балын өндірушілер үшін жауапкершілік өте жоғары. Әрбір құмыра – біздің арымыз, еңбегіміз, тұтынушыға деген адалдығымыз. Мен өз өніміме сенімдімін, өйткені барлығын таза табиғи әдіспен жасаймын. Қоспа қоспай, химиялық дәрілерді қолданбай, араға лайықты жағдай жасап алған балдың дәмі де, құндылығы да бөлек. Бұл сенімді бізге алушыларымыздың ризашылық сөзі мен қайтып оралатын тапсырыстар дәлелдеп отыр.

– Экология мәселесі омартаға қалай әсер етеді?

– Экология – біздің басты тәуелділігіміз. Табиғат таза болса, бал да сапалы болады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемде аралардың азаюы жиі айтылып жүр. Бұл мәселе Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Менің тәжірибемде де бір-екі рет ара қырылған жағдай болды. Сондықтан қазір омартаны қауіпсіз жерге көшіру, таза табиғи орта іздеу – күн тәртібінен түспейтін міндет.

– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

– Ең басты жоспарым – өндірісті ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту. Балдан бөлек, балауыз, тозаң, прополис секілді өнімдерге сұраныс бар. Болашақта экспортқа да шығуды ойлап отырмын. Ол үшін қазірден бастап сапа сертификаттарын рәсімдеумен айналысып жатырмыз.

– Сіз үшін бұл кәсіп нені білдіреді?

– Бұл кәсіп – тек табыс көзі емес, табиғатпен үндесіп өмір сүрудің бір жолы. Ара – ерекше жәндік. Олар болмаса, өсімдіктер тозаңданбайды, табиғат тепе-теңдігі бұзылады. Яғни омарташы тек өнім өндіруші емес, табиғатты қорғаушы да. Сондықтан өз жұмысымды қасиетті іс деп санаймын.

– Әңгімемізді қорытындылайық. Омарташылыққа қызығатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, үлкен шыдам керек. Арамен жұмыс істеген адам ешқашан асығыс шешім қабылдамауы тиіс. Екіншіден, білім қажет. Арнайы кітап оқып, тәжірибелі омарташылардан үйренген жөн. Үшіншіден, табиғатты сүю керек. Егер табиғатты құрметтемесе, бұл кәсіп жүрмейді.

Азамат Нағашыбайдың бес жылдық еңбегі нәтижесінде омарта шаруашылығы Жалағаш өңірінде тұрақты кәсіпке айналды. Оның айтуынша, бал өндірісі – табыс табудың ғана емес, сонымен бірге табиғатқа деген жауапкершіліктің көрінісі. Омарташы үшін басты сый – табиғи өнімге деген халық сенімі мен сұраныстың ешқашан азаймауы.

Өзгелердің жаңалығы