Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі журналист, желтоқсан көтерілісі кезінде 5 жылын үйқамақта өткізген Үмбет Әбназаров Қазақ радиосының 100 жылдығына орай сұқбат берген еді.
Өмірден түйгені көп, тұрмыс тауқыметін көп тартқан ардагердің әңгімесі біраз жанға ой салары анық.
Ауылда жүрген бозбала кезімде журналист боламын деген ой бірден көкейіме оралған жоқ. Жазу, сызу, сөз саптау жағын ойлап жүрдім. Сол ойым қалыптасқан кезең мақала жазуға талаптанған кезімнен басталды. Кішігірім мақала жазып, аудандық газетке жіберу – алғашқы қадамым десе де болады. Сол талабым іске асқанын көргенде көңілге қуаныш ұялады. Сөйтіп, бір-екі ай әуреленіп жүріп, бірнеше мақалам жарық көрді. Бұл қадамым мені алға жетеледі. Жіберген мақалаларым бірінен соң бірі газетке шыға берді. Бір-екі жылда төселе бастадым. Жап-жақсы жолға түстім. Жай мақалалар, жетістіктер туралы, кейіннен кемшіліктер туралы мақалалар жазылды. «Текесбаевтың текірегі», «Шойбековтің шоты қалай-қалай соғылады?» және тағы басқа тақырыпта тізбектеліп жүре берді – дейді қария әңгімесіне кіріспес бұрын.
Кейіннен жас тілшінің белсенділігін бағалаған газет басшылары «Селолық тілші Үмбет Әбназаров» деген атпен бас мақалаға да шығаратын болған.
Сол талабы жетелеген Үмбет Әбназаров 1968 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1973 жылы Қазақ радиосына жұмысқа келеді. Жарты жылдай үйренуші болып жүріп, ақыры «Соңғы хабарлар» ақпарат редакциясына кіші редактор болып жұмысқа қабылданады.
Бұл редакцияда істеу – күрделі әрі қиын болды. Өйткені жедел, оперативті хабар табу талабы өте күшті еді. Сол себепті бұл редакцияда жұмыс істеуден қашқақтайтындар көп болды. Мен сол қиындықтарды жеңемін деп бел байлап, сонда тұрақты қызметкер болып қалдым – деп еске алады ардагер журналист.
Кейде радио талабына шыдамаған журналистер газетке ауысып кетіп жататын. Ол жерде де мандытпай, қайта радиоға келетін. Осындай жаман әдеттерінің кесірінен ақпарат редакциясының ерекшелігін түсінбей-ақ кеткендер де бар. Ал Үмбет Әбназаров керісінше, қиындыққа көндігіп, ең қиын тапсырмаларды орындауға ұмтылатын.
Менің сол редакцияда қалуыма зор еңбек сіңірген Руслана Құдайбергенова болды. Менімен қатар жүрген әріптестерім – Сәлімгерей Сұлтанғалиев, Сағынғали Өтелиев тағы басқалар табандылық танытты – дейді қарт журналист.
Тіршілік шіркін де тоқтау жоқ қой. Күнде бітпейтін күйбең. Уақыттың жылдам ағысы атақты 1986 жылдың қалай келіп қалғанын да байқатпай жіберді.
86 жыл менің өміріме жазылмас түйін салып кетті. Бұл көтерілісті жұрттың бәрі жақсы біледі. Алаңға шыққан халық, әсіресе жастар жағы көп зардап шегіп, оңбай соққыға жығылып, тірі қалғандар оқудан шығарылды. Ал ересек адамдар қызметтен қуылды. Сондықтан да халқымыздың «Желтоқсан – мақтанышым және қасіретім» деуі тегіннен-тегін емес – дейді күрсіне еске алған ардагер.
«Мен алаңдағы жағдайдың қалай басталып, қалай аяқталғанын бес саусақтай білемін» - деп әңгімесін жалғастырған қария сол бір сұрқай күндерді есіне түсіргендей үнсіз қалды.
Бірақ Мәскеу басшылары «Алаңға өңкей экстремистер, нашақорлар, маскүнемдер шығып, бейбіт халықты соққыға жықты» деп көтерілістің өңін мүлде теріс айналдырып жіберді. Оның толық мәтіні сол кездегі Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған еді. Мен сол мәтінде қазақ жастарына жала жабылған жерін қысқартып, эфирге бермей тастадым. Сол үшін жазаланып, бес жыл үйқамақта отырдым. Тек шындықтың беті бері қараған 1990 жылы ақталып, радиоға қайта оралдым – дейді ол өткен өміріне өкінгендей кейіппен.
«Мына баста бәрі сайрап тұрушы еді. Енді қазір айтқан сөзімді қазір ұмытып қалатын болдым. Жас та келді, 5 жыл үйқамақта отырғанда өз-өзімді қатты мүжіп жіберген секілдімін» - дейді қария айтар ойын немен сабақтарын білмей дағдарған сәтте самайын сұқ саусағымен түртіп-түртіп қойып.
Өмірі арпалыспен өткен ата-бабаларымыз менің іс-әрекетімді, басымнан өткен қиындығымды, диктатураға жалтақтамай, қарсы шапқанымды, қатерге басымды тіккенімді көрсе не дер еді?! «Саясаттың өртеніп тұрған шағында мұны батырлыққа пара-пар, өмірінің өзегін ар-ожданының бағасына байлап, келешегін қатерге тіккен ер еді. Ер жолына байлағаным осы болсын!» - деп астына мінген жалғыз атын түсіп берер еді. Бұл батыр, елден дара әрі дана бабамыздың жүрегін жарып шыққан адал да, нық шешімі болар еді – дейді Үмбет қария.
Бұдан кейінгі әңгімеміз сұрақ-жауап ретінде өрбіді. Сұқбаттасымның сөзін бөлмей, айтар ойына кедергі жасамай, көбінде «тыңдаушы» міндетін атқарушы едім. Үмбет ақсақалдың айтар ойынан, әңгіме жүлгесінен шығып кетіп отырғанын байқаған соң, сұрақ қойып, демеп отырмаса болмайтынын ұқтым.
- Радиоға қалай келдіңіз?
- ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін әр баспаның, газеттің есігін сығалап жүрдім. Журналиске орын жоқ деп шығарып салады. Алматы облыстық радиосында бір орын бар деген соң, соған бардым. «Келісім шартпен жұмыс істейсің, бір ай сынақ мерзімі беріледі. Өзіңді көрсете алсаң, штатқа аламыз, көрсете алмасаң, ренжіме» - деді. Айтқанын орындап, не істе десе соны істедім. Репортажын жасап, сұқбатын алып, қазық қаққандай қылдым. Олар еңбегімді бағалады. Бір айдан соң жұмысқа, штатқа алды. Жұмысқа алынған соң, жаспын ғой, өте тындырымды қызмет атқардым. Сүйтіп жүргенде сол кездегі Қазақ радиосының директоры, қазір ол кісі жоқ, қайтыс болып кетті, Бек Дәулетбаев деген кісі еді. Сол хабарласыпты біздің редакцияға. «Мына бір жігіт репортажды жақсы жүргізеді екен. Бәрі жинақы, тәптіштеп репортаждың жанрына жауап бере алатындай хабарлар жасап жүр. Соны бізге жібересіздер ме?» - деп сұрапты. Біздің радио келісімін берген екен, сол күннен бастап Қазақ радиосына бардым да, бірден штатқа алындым. «Соңғы хабар» бағдарламасының «Ақпарат» редакциясына қызметке кірістім. Ол жерде жұмыс айтарлықтай қиын екен. Себебі ақпарат редакциясы болғаннан кейін әрбір ақпарат қысқа, үш жол, төрт жолдан аспауы керек. Тақ-тақ еткізіп қана беруің керек. Және оның басы «бүгін» немесе «кеше» деген сөзден басталуы керек. Жұмыстың талап-шарттарымен танысып алдым да, жан аямай іске кірістім.
- Жаңа әңгіме басында «86 жыл менің өміріме жазылмас түйін салып кетті» деп едіңіз, соны тарқатыңқырап айтыңызшы?
- 1986 жылы 17 желтоқсан күні мені редакция алаңға жұмсады. Білегіме қызыл лента байлап, «тәртіпсіздікке жол бермейсіз» деп ескертті. «Жарайды» дедім. Сол жерде айтқандарын орындап жүрдім. Ол кезде мен облыстық радиода мен Қазақ радиосында қатар жұмыс істейтінмін. Облыстық радиодан да тапсырма келіп тұратын. Екеуіне де бірдей жұмыс істедім.
Желтоқсан көтерілісі аяқ астынан болды ғой. Басында ешкім рет-ретімен жүрмеді. Бәрін алдын-ала ұйымдастырған екен. Жастар милициямен арпалысты. Ақыры күштік құрылымдар басып-жаншып тоқтатты ғой. Арнайы әскер кіргізді. Алаңда жүрген мені алдыдағы «сапты бұзды, бағынбады» дегендердің, бір сөзбен айтқанда «қылмыскерлердің» қатарына жазып қойды.
- Тізімге кірген соң жауапқа тартылған шығарсыз?
- Әрине, жауапқа тартылдым ғой. Істеп жатқандарының бәрі зорлық-зомбылық. Шыдамайсың. Ақыры көтеріліс аяқталды. Соның ішінде менің де өмірім құрдымға кетті. Бір сөзбен айтқанда, түрмеге жапқан жоқ, бірақ түрме режимімен өмір сүрдім. Қатаң. Қудалау көрдім. «Ұйымдастырушылардың бірі сенсің» деген жала жабылды. «Менің онда нем бар. Өзім сол көтерілістен қашып жүрсем» - дегенді айттым. Ақыры босатты. Бірақ сол кезде көтеріліске шыққандардың біразын соттады, біразын қызметтен қуды. Мені жұмыстан шығарып жіберді. Жаңа жоғарыда айттым ғой, ол кезде Қазақ радиосының «Соңғы хабар» бағдарламасында істеп жүрдім деп. Сол жұмыстан мені шеттетіп, ол кезде былай атайтын, «домашный арест» деп. Мені сол «үйқамаққа» отырғызды. Бес жыл отырдым. Ол кезде де қарап жатпадым. Желтоқсан туралы үш кітап жаздым. «Жігерді жаныған Желтоқсан» деп аталды алғашқы кітабым. Екіншісі – «Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік туы» деп аталды. Бұл кітаптың осылай аталуының өзіндік себебі бар. Желтоқсан көтерілісі кезінде қаншама адам, қаншама жас қырылды. Көзіммен көрдім ғой. Мына желбіреп тұрған көк Тудың жаны жоқ бірақ, қыршын кеткен жастардың рухы желбіреп тұрғандай елестейді. Желбіреген туды көрсем сол алаңда жазықсыз жапа шеккен жастардың рухын көргендей боламын. Сол себепті де тақырыпты осылай қойдым.
Үшінші кітап – әлі баспадан шыққан жоқ. Алла бұйырса Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығып қалады деген ойым бар. Әзірге атауын «Желтоқсан ақиқаты және ата-баба аманаты» деп қойып отырмын. Ол енді шығады.
- Қалай ойлайсыз, желтоқсанның нақты ақиқаты айтылды ма?
- Қазір ме?
- Иә.
- Айтылмайды. Жабулы қазан жабулы күйі қалады. Оның барлығы белгілі себептермен айтылмайды. Айта алмайсың. Кезінде Сталиннің өзі солай болған. Ешкім ол туралы шындықты айта алмады. Газеттің барлығы жеке адамға табынушылық деп жаза бастады. Тек өзі өлгеннен кейін ғана жазды онда да. Сол секілді уақыты келген кезде талай дүниенің беті ашылары анық. Талай сапырылыстар, талай ақтаңдақтар ашылатыны ақиқат.
- Жаңағы қудалау, жаңағы бес жыл бойы «үйқамақта» отыру, қызмет істеген жылдарыңызды түгелдей жойып жіберген шығар?..
- Иә, барлығын жоққа шығарды. Оны қойып, бес жыл бойы «үйқамақта» отырғаным үшін маған конвенция төлеулері керек еді. Соны төлеген жоқ. Сол кездегі менің айлығым 180 сом болатын. Соны 5 жылға көбейтіп көр. Қанша ақша болар екен? Бәрі далаға кетті. Бала-шағам бар ғой. Жалғыз өзім, салт бас, сабау қамшылы болсам мейлі. Балам бар, әйелім бар дегендей. Мен тамақ ішпейім бе, киім кимейім бе? Оның бәрі ақша. Әйтеуір 5 жылды бірдеңе қылып өткіздік қой...
- Барып тіркеліп тұрасыз?..
- Қайдағы тіркелген, мені үйден шығармайды, өздері келеді. Өздері келеді дағы, бірінші сұрайтыны, «Не жазып жүрсің?» - дейді. Мен айтам, «Не жазамын? Қаламымды қимылдатпай қойдыңдар ғой!» деймін. «Баяғы шындық сол қалпы қалады, басымды кессеңдер де айтарым осы» - деймін оларға.
- 86 көтерілісіне қатысудағы басты мақсатыңыз журналист ретінде радио атынан ақпарат дайындау ғой негізі. Ол міндеті орындалды ма, орындалмай алып кетті ме?
- Не жөнінде? Желтоқсан көтерілісі туралы ма?
- Иә, хабар жасамадыңыз ба?
- Жасап үлгермедім. Жұмыстан шығарып, алып кетті ғой. Бірден үйге әкеп қамап тастады. «Үйден шықпайсыз! Ешқайда бармайсыз! Ешкіммен кездеспейсіз, ақпарат редакцияларына, газет-журналдарға аяқ баспайсыз!» деп ескертті.
- Қазір желтоқсан ардагері ретінде қандай бір ұйымда барсыз ба?
- Бармын. Гүлбахрам Жүніс басқаратын «Желтоқсан-86» ұйымының мүшесімін. Солардың қатарына қосылғалы бері барлығын ашық айтатын болдым. Әйтпесе бұрын аузымызды «тігіп» тастады ғой. Артық сөз айтқызбады. Сол ұйымға тіркелгеннен кейін ғана мен журналистік жолымды қайта таба бастадым. Газеттерге, журналдарға баратын болдым. Екі кітабым шықты.
- 1991 жылы ел Тәуелсіздігін алған кезде сіз де «үйқамақтан» босап, тәуелсіздігіңізді алдыңыз ғой. Радиоға қайта жұмысқа бардыңыз ба?
- Бардым. Бұрынғыдай болмады. Бәрі үрке қарайтын болыпты. «Сотталған» деген шала бар ғой құйрығыма байланған. Содан да болар, бәрі маған қылмыскер секілді қарады. Дегенмен, анық-қанығына көздері жеткен соң олай одырая қарауды қойды ғой. Керісінше, жанашыр ретінде ақылдарын айтып, «көп уайымдамаңыз, бәрі де өтеді, кетеді» деген қамқор пейілдерін білдірегендер болды.
- Бұл жолы қай редакцияға бардыңыз?
- Сол «Соңғы хабарлар» редакциясында 2003 жылға дейін қызмет істедім. 2003 жылы Қазақ радиосынан зейнет демалысына шықтым. Содан кейін мүлде еркін кеттім ғой.
- Зейнетақыңыз толық есептеліп пе?
- Есептеліпті. Тіпті, артығымен беріпті. Қиындық көргенімді ескеріп, артығымен береді. Сол кезде менің тілімді алмаған жігіттер 36 мың теңгемен зейнеткер болып отыр. Ал мен олардан 3-4 есе артық аламын.
- «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатыстың, ұйымдастырушылардың бірсің» деп сізді қызметіңізден шеттетіп, «үйқамаққа» отырғызған кезде сізге радиодан араша түскен жан болды ма?
- Кім араша түседі? Өз бастарын әрең қорғап, даудан басын арашалап отыр ғой. Бірдеңе деп ара түсейін десе өздеріне тарпа бас салғалы тұр. «Неге қызметкерлеріңе ие болмайсың, неге бейберекет жібересің?» деп өзіне дүрсе қоябергелі тұр емес пе. Дегенмен, бір кезде бізді қамауға алып, сұрақ жүргізгендер кейін өз қателіктерін түсінді ғой.
- Сізді кәдімгідей тергеуге алып, сұрақ-жауапқа тартты ма?
- Иә.
- Не сұрайды сонда олар?
- Пиғылымызды білгісі келеді. Кеңес одағына қарсы «ішінде ит өліп жатыр ма» дегенді білгілері келеді. Көзқарасы қандай дегенді анықтауға тырысады.
- Қазір желтоқсан көтерілісі біршама мойындалып, ашыққа шыға бастады. Ол кезде қате жасағанын түсінді. Қазіргі үкімет қарайласып тұра ма?
- Қарайламады десем қиянат болар, қарайласты десем, не істеп бергенін өзім де білмеймін. Бір ғана көңілге медет тұтарым, үйімді алған жоқ. Үйді 86 жылдан бұрын, жұмыс істеп жүрген кезде алып едім. Сол баспанам өзімде қалды. Оларына да тәубе. Әлі сол үйде тұрып жатырмын. Оған қосып ештеңе берген жоқ. Жыл сайын берілетін бір реттік көмегі бар. Сонысымен қанағат етіп отырамыз.
- Мемлекет басшысы желтоқсан оқиғасына нақты бағасын беру керегін тапсырды ғой...
- Иә, Президентіміз тапсырды, енді соның нәтижелі болғанын біз де күтіп жүрміз.
- Тоқ етерін айтыңызшы, 5 жыл «үйқамақта» отыратындай не істеп қойдыңыз оларға?
- Көтеріліске қатыстым. Бірақ тым қатты қылмыс жасаған жоқпын деп ойлаймын өз басым. Тек Саяси бюроның шешімін қысқартып жібердім. Саяси бюро желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қаралап жазған. Алаңға кімдер шықты? Өңшең экстремистер, нашақорлар, маскүнемдер шықты деп жазыпты. Ал мен оны көзіммен көрдім ғой. Ешқандай маскүнем болған жоқ алаңда. Транспаранттарын көтеріп, кең алаңмен жүрді. Транспарантта не жазылған? Онда өкіметке қарсы ештеңе жоқ еді. Тек Қазақстанға ұлттық басшы керектігі жазылған болатын. Қонаевты орнынан алып тастады ғой, енді. Ол – ұлттық басшы болатын. Бәлен жылдық еңбегі бар. Соның бәрін сыпырып тастап, жалаңбұт балаларды көшеге шығарғандай қылды.
- «Нашақорлар» деген сөзді белінен бір сызғаныңыз үшін бес жыл «үйқамақта» отырған болдыңыз ғой, қысқасы?..
- Белінен бір сызған былай тұрсын, барлығын қысқартып тастадым. Осы оқиғада «қазақтың жауы – қазақ» деген сөзге көзім жетті. Мені өз қазағым сатып жіберді. Жаңағы менің қара сиямен белгілеп тұрып қысқартқан мәтінімді суретке түсіріп, Камалиденовқа (сол кездегі Қазақ ССР Орталық комитетінің хатшысы Зақаш Камалиденов – Е.Ж.) апарып беріпті. Ол да алақанын ысқылап дайын отырған екен, мені жұлып түсірді. Менің мойныма 5 жылдық «үйқамақты» іліп жіберген кісі – сол. Заң орындары кімнің не істеп жүргенін қайдан біледі. Соның айтуымен істеп отыр ғой.
- Егер жаңағы «суретке түсіргіштер» жазып жібермегенде, қудаланбауыңыз да мүмкін бе еді?
- Әбден мүмкін еді. Жаңағы жерде кешірім бере салуға да болатын нәрсе еді деп ойлаймын өз басым. Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқпын. Бүкіл қаланы төңкеріп тастаған жоқпын ғой. Бар болғаны оғаш кеткен жерлерін қысқарттым. Соған өздерінше намыстанып, «бұл кім?» деп шыққан. «Жәй адам» екенімді білген соң, «қандай құқы бар қысқартуға?» дегенге келген. Бар болғаны сол. Содан күйіп кеттім ғой.
- Қазір радио іздей ме сізді?
- Тұстастарымның көбі кетіп, азы қалды ғой. Жастар есімімді білсе білер, білмесе, менен алыстау жүруге тырысады. Беті қайтып қалған ғой. Кебін киіп қаламыз ба, пәледен аулағырақ жүрейік дегендей ғой...
40 жасымда осыған ұшырадым. Өмір өтіп кетті. Режимге қарсы тұру мүмкін емес еді. Әсіресе ұсақ халықтар үшін Кеңес үкіметі алынбас қамалдай болған. Бірақ бізде намыс бар, рух бар, шыдамадық. Шықтық. Ақыры жетпіс жыл дәуірлеген жүйені ыдыратып тындық.
- «Сол алаңға бекер-ақ барған екенмін. Жарты өмірім текке кетті-ау» деп өкінген кездеріңіз болды ма?
- (Көкірегінен өксікке толы күлкі шықты) Бекер-ақ жолағанда, қызметім сол болды ғой. Ол жерге барсаң да, бармасаң да, нан табу керек. Аштан өлуге болмайды ғой. Нан табу үшін шындықты да жазу керек, жетістікті де жазу керек. Одан ілік табамын десе, өздерінің алақаны қышып, қайтсе де кінәліні табу керек қой.
Бір қуанатыным – ол кезде мен партияға өткен жоқ болатынмын. Егер ол кезде партия мүшесі болсам, 5 жыл «үйқамағы» емес, зынданда жататын едім. Партия мүшесінің қателігіне қатты қарайтын. Әсіресе сол кездегі коммунистік жүйеге қарсы шыққан партия мүшесін оңдырмайтын. Партияда жоқ болғаныма алақайлап қуандым!
- 40 жылға жуық өміріңіз осы журналистика саласында өтті. Уақытыңыз бағаланды ма?
- Жоқ. Бағаланған жоқ. Бес жыл бойы «үйқамақта» отыру – бағаланған бола ма? Ешкіммен араласпай, ағайын-туғанның бетін көрмей, үйде тұнжырап отыра беру – өмір ме? Ол – өмір емес! Осы бес жылда жүйеге қарсы ашу-ыза ғана қалды кеудемде. Саясаттың қателігі ғой барлығы. Біз радионың салған ізімен жүрдік. Біз басқа өкімет құрайық деп айғайлаған емеспіз. Керісінше, біреуіміз екеу болса, экономикамыз жақсарса деген тілекпен жүрдік. Ал мұндай тілектегі жандарға тізе батыру деген жақсы емес.
- Радионың ерекшелігі – ақпаратты жылдам бере қоюға болады. Бірақ, газеттегідей көсіле көпіртіп, мәселенің мәнін толық ашып көрсетуге уақыт шектеулі. Осы себепті газетке кеткіңіз келген жоқ па?
- Газетке жазып тұрдым. Асықпай, жан-жақты қамтып жазуға болады. Үйде отырған кезде газеттерге үнемі мақала беріп отырдым. Ал радиода, әсіресе тікелей эфир қиын. Бір сөзден шатассаң болды – пәлеге қаласың. Сондықтан ондай жерде өзіңе де, сөзіңе де абай болу керек. Радионың жылдамдығы – «Соңғы хабар» редакциясына ғана тән еді ол кезде. Басқа оншақты редакция болды ғой. Олар үлкен рулонға бір сағаттық хабарды жасайды да, жібереді. Таспасы дайын болған соң, үйіне барып, тып-тыныш тамағын ішіп жатады. Ал біз қадалып отырамыз. Қай жақтан қандай хабар келіп қалады, тілшілерге қандай тапсырма беру керек дегенді жатсақ-тұрсақ ойлап жүреміз. Тікелей эфир деген сондай «жанды жұмыс» еді.
Менімен бірге істеген өз ісіне адал талай азамат болды. Руслана Құдайбергенова – өте сауатты маман болды. Маған үнемі бағыт-бағдар беріп отырды. Мысалы, біреумен сұқбат жасасам, соны талдап, талқылап айтып отыратын. «Мына жерің солқылдақ бопты, мына сұрағың осал бопты, мынау жаттанды мәтін» дегендей. Жақсы жері болса, «мынауың жақсы болыпты» дейтін. Ондай адам қай ұжымға болса да керек. Редакцияның тірегі болады ондай жандар.
- Әңгімеңізге рахмет!