Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында ауа райы күрт жылынуының салдарынан су тасқыны мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Тұрғын үйлерді су басуына жол берілген жоқ.
Сонымен қатар өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қарамағындағы қызметкерлерді «босаңсымауға» шақырды және барлық тәуекелге алдын ала әрекет етуді талап етті.
Су тасқыны кезеңі аяқталған жоқ. Бір сәтке де қырағылықты жоғалтуға болмайды. Арнайы жауынгерлік әзірлік режимі болуы керек. Қалалар мен аудандардың әкімдері су тасқынының өтуін бақылауды күшейтсін. Адамдарды уақтылы хабардар ету және тәуекелдер туындаған жағдайда қажетті шараларды қабылдау керек. Өзендерде кептелістерді болдырмау үшін мұзды бұзу бойынша іс-шараларды уақытында өткізу қажет. Автомобиль жолдарын су басу қаупі туындаған кезде жедел шаралар қабылдау, көлік қатынасын қамтамасыз ету керек, - деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.
Барлық ірі су қоймасында тәулік бойы бақылау үшін уақытша бекеттер қойылуы тиіс.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 7-11 сәуір аралығында автожолдарда 15 су тасқыны оқиғасы орын алған. Нұра ауданында үш учаскеде қозғалыс тоқтатылды, олардың екеуі әлі де жабық күйінде қалып отыр.
Темір жолдарды тасқын су шайып кету, тұрғын үйлерді, нысандарды су басу фактілері тіркелген жоқ. Нұра кентінде Құндызды өзеніндегі мұз кептелісі жойылды. Қорғаныс білігі нығайтылды. Нұра ауданында Қон өзенінің төгілу аймағында Нығман және ішінара Ақтүбек ауылдары қалады. Қорғаныс шаралары алдын ала жүргізілді. Елді мекендерге қауіп жоқ. Тұрғындарды қамтамасыз ету үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры бар, - деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
Оның айтуынша, Нұра ауданында хабар-ошарсыз жоғалған ер адамды іздеу жалғасуда. Оның көлігі судан шығарылды.
«Байқадам» және «Миньковка» бөгеттерінің толып кету қаупі жойылды.
Өзендердің ұлғаюын ескере отырып, Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан су ағызу жүзеге асырылады.
Гидрологиялық болжамдарға сәйкес өзендердегі су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін. Осы аптада облыста ауа райы 20-23 градусқа дейін жылынады деп күтілуде, ал айдың екінші жартысында синоптиктер жауын-шашын, кей жерлерде қар жауады деп болжайды.