Бір реттік жеті жылдық мерзім отыз жылға созылатын билікке тосқауыл қояды – Мереке Құлкенов

13 Қыркүйек 2022, 13:17
3563
Бөлісу:
Бір реттік жеті жылдық мерзім отыз жылға созылатын билікке тосқауыл қояды – Мереке Құлкенов

Бүгін Алматы қаласында құрылған «Тоқаевтың реформалары үшін» жалпыреспубликалық қозғалысының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл реформаларын жолға қойып, жүзеге асырып қана қоймай, қазақты жаңа бір белеске көтереді деп сенетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап жаңа өзгерістер енгізіп, Жаңа Қазақстан жасауға кірісіп кетті. Әрине, реформалар тез арада іске асады деген артық айтқаным болар. Оның объективті себептері бар. Ең бастысы – кешегі індеттің кесірі, оның бер жағында – қаңтар оқиғасы. Осының бәрі жаңа өзгерістерді терзірек жасауға қиындықтар туғызды. Шындап келгенде, Президентіміздің оның алдындағы және кешегі Жолдауында да тек қана қазақ халқының қамын ойлаған реформаларды айтты. Қай саланы алып қарасаңыз да Тоқаевтың айтқанына жаның қуанады, тұшынасың. Мысалы, экономика әлеуметтік мәселелер, білім, денсаулық саласында да көптеген өзгеріс алып келді. Егер осы өзгерістерді жасауға кедергі жасайтын басқа ұйымдар, оппозициялық көзқарастар болса біз оларға шынында да қарсы тұрамыз, – деді «Жұлдыз» журналының бас редакторы.

Мереке Құлкенов Мемлекет басшысының «Президенттің ағайын тумасы ешқашан билікке араласпайды» деген сөзі сыбайлас жемқорлыққтың алдын алатынын айтты.  

Бұл – тамыры өте тереңге кеткен сыбайлас жемқорлықты тудырудың бірінші бастамасы. Осы сөздің өзі қазақтың үмітін үлкен биікке көтеретін сөз. Жұртшылық президент неге жеті жылға сайланады деп жатыр. Мұндай басқа елде жоқ. Бізде ғана Президент бір рет жеті жылға сайланады, одан кейін сайлауға түспейді. Бұл отыз жылға созылатын биліктің алдына тосқауыл қояды. Жеті жылда Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл реформаларын жолға қойып, жүзеге асырып қана қоймай, қазақты жаңа бір белеске көтереді деп сенемін. Біз құрып жатқан ұйымның мақсаты – Президенттің сіңіріп жатқан еңбегін жұртқа жеткізу. Халық президентті қолдайды. Мен оған сенемін. Қолдауы дұрыс деп есептеймін, өйткені халық қолдамаса президенттің еңбегі еш кетеді. Президентті қолдамаса, халық далада қалады. Халық пен Президент бірігіп жұмыс істейтін кезде біз де қарапайым қазақтың бірі ретінде жасалып жатқан игі істердің бас қасында болсақ дейміз», – деп сөзін түйіндеді «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов.

Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастаманы белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Олардың қатарында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов және т.б. бар.

Бірлестік құрудың басты идеясы – Мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасау.

Өзгелердің жаңалығы