Мәжілісте театр өнерінің қазіргі жағдайы туралы комитет отырысы өтіп жатыр. Депутат Ринат Зайытов театрларға қаржы әділетсіз бөлінетінін алға тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көптеген театрда қаржы бөлу әділетсіздігі байқалады. 4 млн теңге мен 12 млн теңге көлемінде меже барын айттық. Мысалы, республикалық бюджеттен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы бір қойылымға ары кетсе, 10 млн теңге бөлінсе, ал "Астана балет" театрының бір қойылымына, мысалы, "От қыз" балетіне 309 млн 247 мың теңге бөлінген, - деп айтты депутат.
Ол тағы бір мысал ретінде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында демеушісінің айтуынша, "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсына 736 млн теңге бөлінген.
Бұл бір қойылымға бөлінген қаржы. Осындай қаржы бөлудің арасында қандай әділеттілік болуы мүмкін?! - деді депутат Мәжілістегі отырыста.
Еске сала кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов комитет отырысында театрлардың жағдайы мүшкіл екенін айтты.