Мәжілістің жалпы отырысында Елнұр Бейсембаев халық арасындағы жұмыссыздық пен несие туралы айтты, деп хабалайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының 3/1 бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%, 2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары, - деді депутат.
Мысалы, 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 пайызға, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз.
Сондай-ақ депутат жұмыссыздық мәселесін де ерекше атап өтті.
Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отыр. Бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтіні анық. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни екі есеге көп. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр, - дейді депутат.