2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Конституциялық Сот жұмысын бастады. Конституциялық соттың қызметі мен атқарып жатқан жұмысын білу үшін Конституциялық Сотының талдаушысы Әлия Бердібаевамен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Конституциялық Соттың нақты функциясы қандай? Оны басқа соттардан қалай ажыратуға болады?
Конституциялық Сот – бұл сот жүйесіне кіретін орган емес. Жоғары соттан және өзге де соттардан өзге құқықтық институт. Конституциялық Соттың атқаратын қызметі мүлдем басқа. Бұл органда азаматтарымыз тек заңдар мен олардың жекелеген ережелерін ғана даулай алады. Яғни, қысқаша айтқанда, Конституциялық Сот барлық заңдар мен олардың ережелерінің біздің Ата заңымызға сәйкес болуын қадағалайды.
Конституциялық Сот билік тармақтарының (заң, атқарушы және сот) ешбіріне жатпайды. Ешбір мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға бағынышты емес. Бұл – тек құқық мәселелерін қарастыратын тәуелсіз орган. Өз шешімдерінде Конституциялық Сот белгілі бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның жеке бір ережесінің Ата заңымызға сәйкестігін тексерумен шектеліп қоймай, нақты құқықтық ұстанымдар қалыптастыру арқылы құқық қолдану практикасын нақтылап отырады. Нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдардың орындауы міндетті болып табылатын ұсыныстар береді. Біз қоғамда күнделікті Конституция белгілеген қағидаттармен өмір сүреміз. Конституциялық Сот – тек Негізгі заңды ғана емес, сонымен бірге еліміздің конституциялық негіздерін қорғау жауапты маңызды орган. Сол үшін де Конституциялық Соттың шығарған қорытынды шешімдері қоғамның әр саласына әсер етеді.
Конституциялық Соттың шешімдері тек бір азаматтың ғана құқығы мен бостандығы қорғап қана қоймай, осындай проблемалары бар өзге де жүздеген, тіпті мыңдаған адамның құқығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мәселен, бір азамат әділетсіз заңға немесе кез келген бір нормативтік құқықтық актінің жеке ережелеріне қатысты өтініш түсірсе және Конституциялық Сот оны Ата заңымызға қайшы деп тапса, ол заңның немесе ережелердің күші жойылады. Мұндай шешім тек арызданушыға емес, бүкіл қоғамға, осындай ұқсас қиындыққа тап болған барлық азаматтарға қатысты қолданылады. Осылайша, бір адамның бастамасы арқылы көпшіліктің құқығы мен бостандығы қорғалып, әділдік салтанат құрады. Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері арқылы қолданыстағы заңнама жетілдіріліп отырады, заңдардағы кемшіліктер жойылып, анық, түсінікті нормалар қабылданады. Яғни, ұлттық құқықтық жүйесі дамып, азаматтарымыздың құқығына нұқсан келтіретін ережелер реттеліп немесе жойылып отырады.
- Сот жұмыс істей бастаған алғашқы кезеңде нәтиже қандай болды?
Екі жарым жылда Конституциялық Сотқа 11 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл азаматтардың өз құқықтарына бейжай қарамайтынын, олардың құқықтық сауаты артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге, кейбір азаматтар Конституциялық Сотты кез келген дауды шешетін орган деп шатастырып жатады. Мұндай өтініштер де түсіп жатыр. Конституциялық Сот – нақты сот актілерімен келіспеушілікті шешетін орын емес. Ол – заңның немесе құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін қарайтын орган. Мысалы, бір азамат «менің құқығым бұзылды» деп шағым түсірсе, егер бұл шағым нақты бір заң ережесінің конституциялық емес екенін дәлелдеуге бағытталса – Сот оны қарайды. Ал егер бұл – жай тұрмыстық дау немесе сот шешімімен келіспеушілік болса, ол басқа органның құзыретінде.
- Ал Конституциялық Сот қандай нақты істерге араласып, қандай шешімдер қабылдады?
Сот өз жұмысын бастағалы бері 400-ден аса қаулы мен 73 қорытынды шешім шығарды. Бұл шешімдердің барлығы заңнаманың дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал еткен нақты істер. Мысалы, мына бағыттарда маңызды шешімдер қабылданды:
Судьялар мәселесі: Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту нормалары нақтылап, сот істерінде заңдылықты өрескел бұзуға қатысты ұғым нақтыланды. Судьяларға қатысты істерді қарау тәртібіне өкілдердің қатысуы енгізілді.
Қылмыстық процесс: Кассациялық сатыдағы қолжетімділік кеңейтіліп, барлық тараптар үшін бірдей мүмкіндік қамтамасыз етілді. Қылмыстық іс материалдарын талап етіп алдыру міндеті бекітілді.
Әлеуметтік сала: Бала асырап алуға кандидаттарға қойылатын талаптар нақтыланды. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған адамдардың отбасы мүшелерімен байланыс орнату құқығы қалпына келтірілді.
Әкімшілік құқық: Мас күйінде көлік басқарған адамдарға қатысты емтихан тапсыруға жеті жыл тыйым салынды. Сонымен қатар, бейбіт жиналыстар туралы заңдарға Конституциялық түсініктеме берілді.
Қылмыстық-атқару жүйесі: Сотталғандардың телефон арқылы сөйлесу, медициналық және заң көмегін алу құқығы нақтыланып, заңға түсініктеме берілді.
Тұрғын үй: Прокурордың санкциясы сот шешімін алмастыра алмайтыны нақтыланып, Конституция нормаларына ресми түсіндірме берілді.
- Бұл шешімдер қоғам өміріне қалай әсер етті?
Бұл шешімдердің әсері тек құқықтық салада емес, жалпы қоғам өмірінде де көрініс табады. Біріншіден, заңдар жетілдіріледі. Құқықтық олқылықтар жойылады. Нақты әрі түсінікті ережелер қалыптасады. Екіншіден, азаматтардың Конституцияға сенімі артады. Олар өз құқықтарының қорғалатынын нақты сезіне бастайды. Мысалы, бір азамат арыз түсіріп, заңның белгілі бір нормасы Конституцияға қайшы деп танылса – бұл норма күшін жояды. Осы арқылы ұқсас жағдайда жүрген басқа жүздеген, тіпті мыңдаған адамның құқығы қалпына келтіріледі. Бұл – құқықтық мемлекет үшін өте маңызды тәжірибе.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!