«Бір белдеу, бір жол»: Қазақ-қытай БАҚ өкілдерінің форумы өтті

1 Шілде 2024, 14:58
475
Бөлісу:
«Бір белдеу, бір жол»: Қазақ-қытай БАҚ өкілдерінің форумы өтті
Фото: «Жэньминь жибао» газеті

Елордада «Жэньминь жибао» газеті мен қазақстандық БАҚ-тың «Бір белдеу, бір жол» құрылысын бірлесіп салудағы баспасөз туры нәтижелеріне арналған форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін қазақстандық БАҚ өкілдері қытайлық «Жэньминь жибао» газетінің журналистерімен бірге еліміздің өңірлерін аралап, қазақ-қытай жобаларының жұмысымен танысқан болатын.

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев екі елдің қарым-қатынасы жайлы айтты.

Екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас, ынтымақтастық, көршілік татуластық - баға жетпес байлық. Бұл - бейбітшілік тұтқасының қағидаты. Осы қағидатты іске асыру, халыққа жеткізу мақсаттында БАҚ-тың рөлі орасан. Қазақта «жаман көршің көңіліңді қалдырады, жақсы көрші жұлдызыңды жандырады» деген сөз бар. ҚХР 14 мемлекетпен көрші болса, біз 5 мемлекетпен көршіміз. Көршімен тату болу біз үшін аксиома, - деді сенатор.

Ғалиасқар Сарыбаев атап өткендей, мемлекеттердің орнықты дамуының жаңа дәуірінде Азия елдерінде көш бастап тұрғаны белгілі және адами ресурстарға ие. Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізді. Дүниежүзілік сауданың 53%-ы осы құрлықтың үлесіне тиеді. Бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70%-ына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия мемлекеттерінде орналасқан.

Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Былтыр екі елдің тауар айналымы 41 млрд АҚШ долларын құрады. 2023 жылы жүк тасымалының көлемі 22%-ға өсіп, шамамен 30 млн тоннаны құрады.

«Жэньминь жибао» газеті бас редакторының орынбасары Сюй Лицзин Қытай мен Қазақстанды тау мен өзен байланыстыратын тату көршілес елдер екенін, екі халық арасындағы достық ежелден келе жатқанын және мәңгілік болатынын айтты. Қытай мен Қазақстанның БАҚ өкілдері ынтымақтастық пен келешек дамуды ілгерілетудің маңызды міндетін атқарады.

Екі елдің энергетика, инфрақұрылым, жасыл даму, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастығының жемісті нәтижелерін толық көрсететін «Жэньминь жибао» газеті Қазақстан туралы хабарлауға үлкен мән береді. Бірлескен сұқбаттар мен нәтижелермен бөлісу сияқты инновациялық формалар арқылы «Жэньминь жибао» мен қазақстандық БАҚ достасып, бір-бірінен үйреніп, эмоционалдық байланыстарын нығайтты, бұл екі тарап үшін ортақ табыс пен байлық, - деді Сюй Лицзин.

Қытайлық БАҚ өкілі «Жэньминь жибао» қазақстандық БАҚ-пен алмасуды тереңдетуді, жаңалықтарды жеткізу, бағдарлама жасау, таланттарды оқыту және басқа да аспектілерде практикалық ынтымақтастықты нығайтып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың үздіксіз дамуының әсерлі тарихын баяндауға күш салатынын жеткізді.

Сонымен қатар форум аяқталғаннан кейін Астанадағы Қытай виза орталығында «Жэньминь жибао газетінің» электронды газет оқу экранының ресми ашылуы өтті.

Өзгелердің жаңалығы