Қытайдың астанасында 17-18 қазан аралығында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумы өтеді. Осыған орай баспасөз орталығы бүгін жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Баспасөз орталығы Қытай ұлттық конференц орталығының көрме кешенінде орналасқан.
Мәліметке сәйкес, форум қатысуға 4 мың журналист тіркелген. Оның ішінде шамамен 1 200-і шетелдік БАҚ өкілі. Олардың бірі - BAQ.KZ тілшісі.
Баспасөз орталығының фойесінде Қытайдың ұлттық дәстүрімен, мәдениетімен таныстыратын көрме ұйымдастырылған. Онда журналистер каллиграфиямен танысып, қытай шайынан дәм тата алады.
Сонымен бірге ғимаратта БАҚ өкілдерінің жұмыс орны, баспасөз конференцияларына арналған залдар, оған қоса сұқбат алу үшін де арнайы бөлмелер қарастырылған.
Баспасөз орталығындағы қызмет көрсету бюросы журналистерге қажетті ақпаратты беріп, көмек көрсетеді.
Одан бөлек орталықта бірнеше жерде кофе-брейк де ұйымдастырылған.
Баспасөз орталығында әлемнің түкпір-түкпірінен келген БАҚ өкілдері Бейжіңмен жан-жақты барынша терең таныса алады. Ғылым, техника және мәдениеттің интерактивті көрме аймағында 8K, 360 градус виртуалды түсірілім, жасанды интеллект және басқа да технологиялық құралдар арқылы Бейжіңнің жетістіктерімен және көркем жерлерімен толық танысуға мүмкіндік бар.
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейдегі үшінші форумының ресми сайты іске қосылды. Форумның ресми веб-сайты қытай және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Жоғары деңгейлі форум туралы тиісті ақпарат уақытылы жарияланады.
Жоғары деңгейлі форумының жаңалықтар орталығының веб-сайты да журналистерді тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
17-18 қазан күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен баратынын еске сала кетейік.
Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен келіссөз жүргізеді, сондай-ақ жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының III форумына қатысады.
Сонымен қатар сапар аясында Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен бірқатар кездесу өткізу жоспарланып отыр.