Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрлігі бүгін түнде Өзбекстанның Сырдария облысындағы Ташкент-Термез тас жолында жеңіл автокөлік және КамАЗ жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік апатында зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайы туралы хабарлама таратты.
«Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстанның Сырдария облысындағы Ташкент-Термез тас жолында болған жол-көлік апатының салдарынан 7 адам зардап шекті, оның 6-ы Қазақстан азаматтары екендігі анықталып, 1 ҚР азаматы оқиға орнында қаза болған. Зардап шеккендердің бірі – 2008 жылы туылған бала Джизақ қаласының ауруханасында тұрақты ауыр жағдайда жатыр, еліміздің қалған 4 азаматы қазіргі уақытта Ташкентте орналасқан, олар Шымкентке тасымалдануға дайындалуда», - деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер Шымкентке жеткізіледі.
«Жедел медициналық көмек Шымкенттен Ташкентке жетіп, бүгін қазақстандық дипломаттардың көмегімен зардап шеккендер Шымкентке жеткізіледі. Қазіргі уақытта өзбек полициясы тергеу жүргізуде. Жол-көлік апатының себептері туралы ақпарат қосымша хабарланады», - делінген хабарламада.
Қазақстанның елшісі бұл мәселені жеке бақылауына алды. Қазақстандық дипломаттар ҚР азаматтарына тиісті көмек көрсету үшін оқиға орнына жеткен.