Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақта Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту жөніндегі облыстық кешенді іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспар бойынша ақпан спорт айы болып белгіленген. Айлық аясында 69 спорттық сайыс өткізілді. Оған 5444 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Спорттық жарыстардың 3-еуі республикалық, 15-і облыстық, 46-сы қалалық және аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақтан онлайн форматта өткізілген республикалық турнирге барлық өңірден 144 спортшы қатысты. Сондай-ақ еркін күрестен және волейболдан республикалық турнир өтті. Оған өзге облыстардан 610 спортшы келді. Ал гандболдан және волейболдан облыстық біріншілік өткізілді.
Бұл жарыстарды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу, жасөспірімдер мен жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге және дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмірге баулу. Аталған жарыстардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз, салтанатты шараларсыз өткізілді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.
Өңірде наурыз айында халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай жастар арасында қазақ күресінен республикалық турнир, самбодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты болады. Сәуір айында қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық іріктеу турнирі, мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған «Көктем жұлдыздары» республикалық турнирін өткізу жоспарлануда.