Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің кадр даярлау, оқу грант бағдарламасы мен ғылыми дипломатияға жауапты мемлекеттік хатшысының орынбасары Миклош Лендьелмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-мажар қарым-қатынастардың білім саласындағы ынтымақтастық, ғылыми дипломатия мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылдан аса Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп, соның нәтижесінде бірнеше мың қазақ жастары Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды. Жалпы, осы жастар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың «алтын көпірі» екенін айта келіп, тараптар «Stipendium Hungaricum» грантының әлеуетін нығайту қажеттілігін атап өтті.
Қазақ дипломаты Қазақстанның жоғары білім саласындағы жетістіктерін, оның ішінде елімізді үздік шетелдік университеттердің өкілдіктері ашылып жатқанын, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының аясында Мажарстанның жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуге дайын екенін мажар тарапына хабардар етті.
Өз кезегінде Миклош Лендьел «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен өзара іс-қимыл жүзеге асыруға қызығушылық танытып, мажар сыртқы саяси ведомствосының жанындағы Дипломатиялық академиясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлім етті.
Қорытындылай келе тараптар екі ел арасындағы білім және ғылым байланыстарды нығайту мен екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін білдірді.