Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұстаздар күнімен құттықтады. Бұл туралы оның facebook-дегі ресми парақшасына жарияланды.
«Қадірлі ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әлемдегі ең асыл мамандық иесі - Мұғалім. Сіздер балаларға өмір бойы өздерімен бірге алып жүретін, болашағын және шынайы өмір жолдарын қалыптастыруда ең қажетті білімді бересіздер», - деп жазды министр.
Ол мұғалімдердің қажырлы, құрметті, жауапты жұмыстары үшін алғыс білдірді.
«Оқушылардың әрқайсысына деген мейірімділік, парасаттылық және кәсібилік сіздерде жеткілікті, сонымен қатар оларға деген махаббаттарыңыз жүректеріңізден өшпесін. Біздің өмірімізде әрқайсымыздың білімге деген құштарлығымызды оята білген Ұстазымыз бар десек, оларға өмір бойы алғыс білдіру маңызды деп есептеймін. Сыныпта отырған әр оқушы өзін дарынды, ақылды және ерекше бала екенін сезіне білсе, мұны мұғалімнің таланты деп білуіміз керек. Біздің елімізде талантты ұстаздар өте көп, олардың арқасында еліміз үлкен жетістіктерге жетуде. Қымбатты әріптестер, Сіздерге денсаулық, бақыт, шығармашылық табыс пен оқушыларыңыздың жоғары жетістіктерге жетуін тілеймін. Ең бастысы, біздің сүйікті еліміз гүлденіп дами берсін!» - деді ол.