Білім саласында толығымен тазалық болуы керек – Аймағамбетов

22 Қараша 2022, 13:40
1330
Бөлісу:
Білім саласында толығымен тазалық болуы керек – Аймағамбетов

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мектептерде тиісті талаптарға сай келмейтін мамандарды жұмысқа алу кездеседі. Мысалы, қалада математикадан мықты маман бола тұра, механикті жұмысқа алу. Бұл тікелей заң бұзу. Мұның артында балалардың білімі, әл-ауқаты, болашағы тұр. Сондықтан мұндай мәселеге жол бермейтінімізді тағы бір мәрте айтқым келеді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Ол білім саласы таза болуы керегін алға тартты.

Әділетті Қазақстан бірінші кезекте білім беру саласынан басталуы керек. Білім беру саласы өскелең ұрпақты тәрбиелейтін сала болғандықтан, біздің салада толығымен тазалық болуы керек. Яғни жұмысқа қабылдау, директорларды тағайындау, білім беру бағдарламаларын енгізу рәсімдерінде де, - деді ол.

Оқу-ағарту министрі әріптестерін желтоқсаннан бастап орталықтандырылған жүйе бойынша жұмысқа дайындалуға шақырды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде жіберілген құқық бұзу фактілеріне қатысты мәліметті жариялаған болатын.

Ал Аймағамбетов алдағы уақытта мектептер мұғалімдерді жұмысқа алу үшін бос орындарды желтоқсанда ашылатын арнайы платформаға орналастыратынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы