Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке оқулықтардың сапасына қатысты сұрақ қойды.
Жол картасында 2021 жылы министрліктің бұйрығын шығару және 2023 жылы мұғалімдер, балалар мен ата-аналар арасында оқулықтардың сапасына қатысты мониторинг сауалнама жүргізіледі. Ол бойынша оқулықтардың сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау көзделеді. Бұл шаралар оқулықтардың сапасын арттыруға қаншалықты мүмкіндік береді? Осыны түсіндіріп беріңізші, - деп сауал жолдады депутат.
Өз кезегінде министр оқулық маңызды құрал екенін атап өтті.
Оқулықтардың сапасын көтеру үшін кешенді іс-шаралар іске асырылуда. Біріншіден, 2021 жылғы қаңтардан бастап депутаттардың қолдауымен жаңа екі норма іске асырыла бастады. Оның біріншісі - білім беру бағдарламалары міндетті түрде сараптамадан өтетін болады. Екіншісі – апробациядан өтеді. Бұл да оқулықтардың сапасын арттыруға өз септігін тигізетіні сөзсіз, - деді Аймағамбетов.
Білім басшысы министрлік оқулықтарды дайындаудың жаңа жүйесін бекіткенін жеткізді.
Сонымен қатар, сараптау жүйесі түбегейлі өзгереді. Енді сараптамадан өткізетін эксперттер міндетті түрде сертификаттаудан өтеді. Қысқа мерзімде оқулықтарды сараптау өте қиын. Енді олар тиісті сертификаттаудан өтіп, мамандар осы оқулықтарды дайындайтын болады. Авторларды оқыту, оларды да сертификаттан өткізу рәсімі де енгізілуде. Осы мәселелерді қоғаммен бірге талқылау өте маңызды. Сондай-ақ, электронды платформада маңызды мәселе, - деп атап өтті министр.
Аймағамбетовтің сөзінше, енді 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқулық кем дегенде бір жыл бойы пилотты мектептерде алдын ала пробациядан өткізу тетігі қарастырылып, енгізіліп жатыр.
Оның айтуынша, мұндай шаралар оқулықтардың сапасын көтеріп, мектептерді сапалы оқулықтармен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.