Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Ведомство басшысы білім беру мекемелеріне кірудің жаңа санитарлық ережелері бекітілгенін алға тартты.
Бұдан былай оқу мекемелеріне, кітапханалар мен жатақханаларға кірерде Ashyq қосымшасын қолдану міндетті болып табылады. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды сақтау шарт.
2021 жылғы 5 тамызда білім беру нысандарына жаңа санитарлық ережелер бекітілген болатын. Ол ережелерде оқыту форматы, тамақтануды ұйымдастыру, корпустардағы, аудитория мен акт залдарындағы, сондай-ақ жатақхана бөлмелерінде орынның толуы туралы талаптар қамтылған. Педагогтар мен мектептегі қызметкерлерді вакцинациялау аяқталуға жақын. 18 жастан асқан студенттерге екпе салу басталды, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Қолданыстағы заңнама мен эпидемиологиялық жағдайды есепке ала отырып, мектептердегі дәстүрлі оқыту форматына ауысу медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш ай ішінде ауырғандарды қоспағанда, педагогтар мен қызметкерлер 100% вакцина алған кезде мүмкін көрінеді.
Ведомство басшысы облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының әкімдіктеріне мониторингтік топтың жұмысын ұйымдастыру мен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар қажетті дезинфекциялаушы құралдар мен санитайзерлерді дер кезінде сатып алу, оқу корпустары мен жатақханалардың Ashyq қосымшасын пайдалануға дайындығын қамтамасыз ету керектігін алға тартты.